Бельгиялық кәсіпкерлер қазақ экономикасына қаржы құюға ниетті. Бизнес өкілдері ынта-ықыластарын Брюссельде өткен бас қосуда жеткізді. Семинарды еліміздің Бельгиядағы елшілігі корольдіктің Сыртқы сауда агенттігімен және «Авекс» Валлония агенттігімен бірігіп ұйымдастырды. Жиында Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылып, екіжақты қатынасты күшейту жайы талқыланды.
Бельгия – Қазақстанның маңызды сауда серіктесі. Біздің ел корольдікке мұнай мен шикізат экспорттап, олардан көлік, ұшақ, фармацевтикалық өнімдер, медициналық құрал-жабдықтар тасымалдап отыр. Өзара тауар айналымы былтыр 523 млн долларды құрады. Алыс-берісті арттыруға қос тарап та мүдделі.
Фабиэнн Луст, Бельгия Сыртқы сауда агенттігінің басқарма төрағасы:
Елдеріңіздегі экономикалық реформалар Қазақстан нарығын инвесторлар үшін одан сайын тартымды етері сөзсіз. Бұл – бельгиялық компаниялар үшін керемет мүмкіндік. Біз машинажасау саласында екіжақты қатынасты арттырсақ дейміз. Әлеуеті зор ауыл шаруашылығы саласында да ынтымақ күшейтіледі.
Қазір елімізде Бельгия капиталының қатысуымен 76 компания жұмыс істеп жатыр. Олар былтыр бір жылда қазақ экономикасына 1 млрд доллардан астам инвестиция құйған.
Оливье Эскене, кәсіпкер:
Біз биыл Қазақстанда бизнес бастадық. Авиацияға қажетті жоғары сапалы титан өнімдерін Өскеменнен импорттап отырмыз. Қазақстандық титан өте сапалы әрі бәсекеге қабілетті. Елдеріңізде бизнес орта өте қолайлы. Тұрақты мемлекетте әрі қарай да кәсіпті кеңейтуге дайынбыз.
Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер бас қосуда кеңінен таныстырылды. Еліміздің Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұхан жиналғандарға Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттарды баяндап, шетелдік инвесторларды Қазақстанда кәсіптерін өрге домалатуға шақырды.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Бұлардың инвестициялық бағыттары транспорт, сауда, айти, ауылшаруашылығы жобаларына қызығушылық білдіріп жатыр. Бір топ проект бастады. Қытай мен Қазақстан арасындағы шекарада үлкен терминал салайын деп жатыр. Екінші компания тағы бір терминалды Алматы облысында ашайын деп жатыр.
Бельгиялық инвесторлар Алматы облысындағы логистикалық қойманы тұрғызу арқылы 500 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Қазақстан-Еуропа мен Азияның арасындағы орнықты транзиттік бағыт. Сондықтан, бельгиялық кәсіпкерлер елдің осы әлеуетін пайдаланып, Қазақстанда бизнес жасауға құлшынып отыр.
Нұрсұлу Қасым