Солтүстікте жауынның кесірінен астықтың тек 30 пайызы жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстікте жауынның кесірінен астықтың тек 30 пайызы жиналды

11.09.2024

Солтүстік өңірлерде жауын-шашынның кесірінен астық жиналмай жатыр. Ел бойынша 23 млн гектар алқапқа дән себілген. Әзірге дақылдың тек 30 пайызы ғана орылды. Ауа райы ыңғай бермесе, шаруалар биыл шығынға батамыз деп налиды.

Биыл теріскейде жаңбыр жаз бойы толастамады. Салдарынан шаруалар егінге орақты кеш салды. Бүгінгі күнге дейін 4,4 млн гектар жердің 17 пайызы ғана жиналды. Алқапқа шыққан техника күнде сазға батып қалады.

Еркебұлан Жаханов, шаруа:

Күн сәл ашылды, соның өзіне егістерге кіре алмай жатырмыз. Өйткені дала су болып тұр. Жалпы сапасы онша емес, себебі ылғалдылығы көп. Алдыңғы жылы енді сәл жеңілдеу болған. Дер кезінде жинамаған соң, жердің бетіне арпа, бидай, жасымықтың егіндері түсіп жатыр.

Ақмола облысында да су тиген бидайдың сапасы нашар. Масағы өсіп, дәнегі қарайып кеткен. Биыл жүздеген гектар аумаққа егін еккен Медет Сейпілмәліков жиған-тергенін астық сақтайтын орындарға апарып тапсырған. Орып үлгермегені жаңбырдың астында жатыр.

Медет Сейпілмәліков, шаруа:

Биыл 4-5 класс алып жатырмыз. Клейковина болмайды. Енді қазір мүлдем жоқ дейді. Нан шикі дейміз ғой. Сол осы егіннен болады. Осы жаңбырдан кейін нан шикілеу болады. Ол көтерілмейді. Дұрыс піспейді.

Ал, Павлодар облысында астықтың 25 пайызы ғана жиналды. Техника алқап басында қаңтарулы тұр. Піскен егіннің астынан тағы да дән көктеп шығуда. Мұндай бидай мал азығына ғана жарайды дейді шаруалар. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, өнімді кептіру, сақтауда қиындық туындамайды.

Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ егіншілік департаментінің бас сарапшысы:

Мемлекеттік қолдаулар көрсетілді, уақытында тұқым, удобрение, минералды тыңайтқыштар себілді. Қазгидрометтің көмегеіне де сүйентін боламыз. Енді болжам, алдында жылдың басында айтылды. 20 млн тоннаға дейін егін жинау жұмысы жоспарлануда.

Жиналған дәнді дақылдың 60 пайызы 3-классқа жатады. Өнімділік гектарынан 14,8 центнер. Күзгі науқан басталғалы ел бойынша 7,5 млн тонна астық бастырылған.


Эльмира Каленова


Хабарламаларға жазылу