Көшпенділер ойындарына келген туристерді салт-дәстүріміз қызықтырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көшпенділер ойындарына келген туристерді салт-дәстүріміз қызықтырады

11.09.2024

Иә осы төрткүл дүние көз тіккен Көшпенділер ойындарын тамашалау үшін арнайы Астанаға келген шетелдіктердің қарасы қалың. Әсіресе, Америка және Еуропадан келген турист көп. Олар қазақтың салт-дәстүріне, қонақжайлылығына тәнті. Қазақтармен бірге асық ойнап, алтыбақан теуіп, ән шырқап, би билеген туристердің әсерімен Самал Қабышева бөліседі.

Қамажай биін билеп жатқан Мария Лигиа Колумбиядан, Таниа Кампос Испаниядан келген. Оларға біздің ақжаулықты аналарымыздың кимешегі қатты ұнапты. Олар әжелерімізбен ән айтып, би билеп, суретке түсіп шат-шадыман.

Ал, Малайзиядан келген Акмал Дахалан қазақтың ою-өрнегі оған ерекше әсер бергенін айтады.

Акмал Дахалан, турист /Малайзия/:

Ою-өрнек қазақтың тарихи таңбасы екенін түсіндім. Мысалы мына бас киімнің тақия деп аталатынын білдім. Бейнесінің өзі өте әдемі, әрі нәзік. Қазақ халқынан естелік болсын деген ниетпен ою-өрнек бинеленген киімдерді сатып алдық.

Самал Қабышева, тілші:

Асық ойынын ерекше ықыласпен тамашалап тұрған бұл саяхатшылардың барлығы Италиядан келген. 21 адам. Қазақ еліндегі осы көшпенділер ойындарына арнайы келген. Қазақстанда 16 күн бойы тұрақтамақ. Астанадан кейін Шымкентке жол тартпақ.

Ал, 65 жастағы италиялық Марко Моничеллидің асығы алшысынан түсті.

Мохсен Гилани, турист /БАӘ/:

Біз Дубайдан келдік. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз. Қазақстан керемет. Бізге қатты ұнады. Біз алдағы уақытта тағы да келуді жоспарлап отырмыз.

Томас Борланд, турист:

Біз Гавай аралдарынан Көшпенділер ойындарын тамашалау үшін арнайы келдік. Көкпар деп аталатын ұлттық ойын түрін бірінші рет тамашаладық. Қазақтардың атқа міну мәдениеті ерекше әсер берді. Қазақтың рухы ат үстінде екенін түсіндім.

Шет елден арнайы Қазақ еліне, Астана төріне келген туристер көшпенділер ойындарынан тамаша әсер алып ғана қоймағандарын айтады. Тарихымызбен танысып, рухани жан дүниеміз жаңғырды дейді.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу