Маңғыстау облысында әскерде жүргенде оқ тиіп қаза болған сарбаздың әкесі Қорғаныс министрлігінен тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, әлеуметтік желіге бейнежазба жариялады. Ол баласының абайсызда өлім құшқанына сенбейді. Сондықтан соттың ашық өтуін сұрайды. Құзырлы органдардың мәліметінше, қазір күдікті қамауға алынған. Тергеп-тексеру басталды. Ал бас әскери прокуратура бұл істі қатаң бақылауға алғанын хабарлады. Айта кетейік, 19 жасар Марат Барқұлов осыдан үш күн бұрын Оймаша полигонында абайсызда атылған оқтан көз жұмған. Оқ сарбаздың бетіне тиген. Әскерилер оны бірден ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер жас жігіттің өміріне араша түсе алмады. Туысқандары жауынгерді Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауылында ақтық сапарға шығарып салды. Ал Президент өз Жолдауында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әрбір сарбаздың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия мен құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екендігін айтқан еді.
Ұмсындық Наурызбаев