Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылады

09.09.2024

Атыраудағы Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылады. Кәсіпорын жылына 1 млрд текше метр газ өндіруге қауқарлы. Қазір бетон жабындылары төселіп, метал құрылымдарын монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Зауыт Каспий қайраңындағы «Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газды кәдеге жаратуға арналған. Жобаны «GPC Investment» ЖШС іске асырып жатыр. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша елімізде 2025 жылға дейін 27,7 млрд текше метр газ тұтынылады екен. Ал 2030 жылға көз жүгіртсек, ол 30 млрдқа дейін өскелі тұр. Сондықтан мұндай жобалар айрықша маңызға ие.

Берік Әбішев, «Gpc Investment» ЖШС басшысының міндетін атқарушы:

Бұл – еліміздегі ауқымды инвестициялық жоба. Жаңа зауыттан өңдеу үдерісінен соң, жылына 727 млн текше метр тауарлы газ алынады. Бұған қоса, 218 мың тонна тауарлы күкірт, 17 мың тонна газ конденсаты, сұйытылған газ шығарылады. Қазір зауытқа қажетті инфрақұрылым дайын тұр.

Зауыттың құрылымы аса күрделі болғандықтан мұнда соңғы үлгідегі озық технологиялар әкелінеді. Жергілікті компаниялардың өңімдеріне басымдық берілген. Жұмыс күші жеткілікті. 1000-нан аса адам мен 150 техника бар. Құрылыс материалдарынан кідіріс жоқ.

Мақсат Қадірқұл, мердігер компанияның директоры:

Қазір бетон жұмыстары жүріп жатыр. 26 мың тонна бетон жұмыстары бітті. Одан кейін күшейту басталып жатыр. Монтаж-металлоконструкция жүруде. 800 тонна жабдық монтажға қойылды. 2026 жылы бітіреміз. Желтоқсан айында зауытты өткіземіз.

Сондай-ақ жаңа зауыттың алаңында 320 орындық вахталық қалашық пен кіреберіс теміржолдың құрылысы қолға алынған. Құрылыстың тоқтаусыз жүруі үшін автомобиль және теміржол, сондай-ақ су құбыры мен электр желілері тартылды. Атырау облысындағы бұл жоба өңірдің өндірістік қана емес, экономикасы мен әлеуметтік дамуына тигізер ықпалы зор.

Президент Жолдауда газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажеттігін алға тартты. Сондықтан мұндағы жұмыстарды мейлінше тезірек аяқтау қажет. Мамандардың айтуына қарағанда, зауыт құрылысы аяқталғанға дейін жұмысшылардың саны 2500-ге дейін көбеюі мүмкін. Ал іске қосылғасын 500-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.


Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу