Көшпенділер ойындарының алғашқы жеңімпазы да анықталды. Жамбы атудан мажар стилі бойынша Франция спортшысы Рафаэль Малет чемпион атанды. Күміс жүлдені Моңғолия өкілі еншілесе, қола медаль Францияның тағы бір спортшысына бұйырды.
Ал, отандастарымыздың ішінен Абзал Тұлыбеков 5-тікке ілікті. V Көшпенділер ойындары туралы арнайы материалдың кезегі келді. Жарыс қайда өтеді? Билетті қайдан аламыз? Кімдер қатысып жатыр? Біздің спортшылардың дайындығы қалай? Қандай мәдени іс-шаралар өтіп жатыр деген сияқты сұрақ көп. Амангелді Сейітханның арнайы репортажы.
Аманкелді Сейтхан – Тілші:
Көшпенді халықтардың ұлттық ойындары Астанада. Алдағы бір жұма бойы қандай спорттық жарыстар, қандай мәдени іс-шаралар, қандай қызықтар болады..
Бұл жолы көшпенділер ойындары әдеттегідей фестиваль түрінде емес, олимпиада ойындарының форматында өткізіледі.
Абылай Қоңдыбаев – V ДКО Дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
10 жылдық тарихы бар іс-шараға алғаш рет барлық құрлықтардан елдер қатысады. Жаңадан ең бірінші келіп қатысайын деп жатқан мемлекеттер ішінде, Венесуэла, Ирландия, Гамбия сияқты мемлекеттеріміз бар.
Биыл қатысушы елдер саны да бұрынғыдан көп. Мысалы, 2014 жылы Қырғызстанда 19 мемлекет қатысса, 2 жыл бұрын Түркияда - 82. Биыл - 89.
Жарыстар 6 нысанда өтеді. Көпшілік асыға күтіп отырған көкпар мен көкбөрі және бәйге «Қазанат» ипподромында. Жамбы ату, теңге ілу аударыспақ, алыптар сайысы мен құсбегілер бәсекесі этноауыл қасында. Садақ ату «Арғымақ» кешенінде, ал, асық ату, ордо, арқан тарту «Алау» мұз айдынында. Күрес түрлері «Жекпе-жек» сарайында болса, тоғызқұмалақ, мангала, овари сияқты интеллектуалды ойындар «Думан» кешенінде. Жарыстарға билет алып, қай уақытта өтетінін нақтылау үшін www.worldnomadgames.kz сайтына кірсеңіз болады. Билет бағасы спорт түріне қарай 600 теңгеден 15 мың теңгеге дейін.
Аманкелді Сейтхан – Тілші:
Осы көшпенділер ойындарындағы ең қызықты жарыстардың бірі «жамбы ату». Неге десеңіз, аттың басын жібере салып, шауып келе жатып садақтан оқ ату қиынның қиыны. Бұл жерде жігіттің ептілігі, адам мен аттың арасындағы түсіністік көрінеді. Нағыз кентаврларды көргендей боасыз. Сондықтан, болар жамбы атуға қазірдің өзінде билеттер тез сатылып кетіп жатыр.
Жамбы ату бүгін басталып, алғашқы жеңімпаздар да анықталды. Атпен жүйткіп келе жатып садақ атушылар жалпы 4 стильде бақ сынайды. Барлығы 27 елден 78 спортшы келген. Ел намысын 4 жігіт қорғайды.
Ералхан Айкөз – «Жамбы Атудан» ұлттық құрама мүшесі:
Негізгі қарсыластар Индонезия, Малайзия және мынау Моңғолия елінің спортшылары деп айта аламын.
Биыл жарыс бағдарламасында қазақ халқының ұлттық ойындары көп. Мысалы, құсбегілер сайысы бұрын болмаған. Осы жолы бірінші рет қосылған. Соның өзін де 10 мемлекет қатыспақ, арасында Канадалық бүркітші де бар. Ал, Қазақстаннан 3 бүркіт, 3 ителгі, 3 қаршыға қатысады. Оларды баптаушылар Астанаға 2 апта бұрын келген.
Ерзат Байқадамов – Құсбегі:
Жер танытып жатырмыз. Осының бәрін көрсетпесең ертең құс деген жалтақтап ұшпай қалуы мүмкін. Осының бәріне көзін үйретіп, құс былай дайын енді көзін үйретіп жүрміз.
Яғни, құсбегілер дайын. Ал, басқа спортшылар ше? Мысалы, ең көп медаль сарапқа салынатын күрес түрлеріне палуандар қалай әзірленіп жатыр?
Аманкелді Сейтхан – Тілші:
Бұл жігіттер қазір қызу дайындық үстінде. Көшпенділер ойынында жалпы күрестің 5 түрі бойынша 45 медаль сарапқа салынады. Қазақтың палуандары тек қазақ күресінен емес, Алыш, Күрәш, Көраш, Ашырматлы аба гюреши деген сияқты қырғыздың, өзбектің, татардың, түркіменнің күрес түрлерінен де сайысқа түседі.
Бекжан Төлеп – Қазақша күрестен ұлттық құрама мүшесі:
Мынау біздің 6-шы оқу-жаттығу жиынымыз. Осыған дейін Қырғызстан мемлекетінде, Грузия мемлекетінде 5 оқу-жаттығу жиыны болды.
Биыл асық ату да жарыс бағдарламасына алғаш рет енгізілген. Одан бөлек, PowerFUL nomad деп аталатын алыптар сайысы бар. Мұнда қара күш иелері 100 келі тас көтеріп, жарты тонна арба итереді. 10 келі найзаны лақтырып сынға түседі.
Ал, бұл көкпарға дайындалып жатқан АҚШ ковбойлары. Серкенің орнына гір көтеріп, аттың орнына ағашқа отырған. Олар Астанаға 6-шы қыркүйекте келді. Өйткені, жарысқа Қазақстандық аттармен шығады. Сондықтан, бой үйрету керек.
Скотт Симмерман – АҚШ Құрамасының Капитаны:
Көкпар қызық ойын. Мен спорттың бұл түріне 12 жасымнан қызыға бастадым. Осы арқылы Қазақстанға деген қызығушылығым арта түсті. Біз үшін осы жарыста аттардың жағдайы маңызды.
АҚШ ковбойлары ғана емес алыстан келген спортшылардың бәрі қазақстандық аттарға мінеді. Тек Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей құрамасы өз аттарымен өнер көрсетеді.
Мұратбек Қыпшақбаев – V ДКО Дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
Шет елден келетін спортшыларға 300 атты біз дайындап отырмыз. Ол жаңағы көкпары бар. Аударыспағы бар, теңге ілу, жамбы ату спорты бар. Құсбегілік бар. Осы спорт түрлері бойынша толығымен біз аттарды дайындап отырмыз.
Шараны көруге келіп жатқан шет елдік қонақтар да көп. Мысалы, түркиялық отбасы Идил мен Бурак екі жастағы ұлымен Анкарадан Астанаға автобуспен келді. Олар 5400 шақырым жол жүріп жүрсе, қырғызстандық Мамыт Таштанов Бішкектен Астанаға велосипедтпен жеткен. 23 күнде.
Мамыт Таштанов – Қырғызстаннан келген турист:
Көшпенділер ойындарына мен 5-рет қатысып отырмын. Қатысқандағы мақсат қазақ елімен достықты шыңдау, бір туғандықты шыңдау девизімен шыққанмында.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, спорттық шараны 100 мыңдай турист тамашаламақ. Шет елдік қонақтар спорттық жарыстармен қоса көшпенділер мәдениетімен танысады. Ол үшін «Көшпенділер әлемі» деп аталатын этноауыл ашылды. 10 гектар аумаққа киіз үйлер тігіліп, дәстүріміз дәріптелетін алаңдар құрылды. Бұл жерде 5 күн бойы 100-ден астам мәдени шара өтеді. Этноауыл аумағына тайқазан да қойылған. Себебі, олимпиада ойындарындағы алау сияқты көшпенділер ойындарының нышаны - су. Тайқазанға елдің әр аймағындағы киелі бұлақтардан алынған су құйылған.
Айта кетейік, көшпенділер ойындарына бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген. Қаржының көбі қатысушылардың жатын орны мен тамағына жұмсалады. Шет елден келген спортшылардың шығынын да Қазақстан көтереді. Әр қатысушыға шамамен 1,8 млн теңгеден жұмсалмақ.
Ал, жарыстың жалпы жүлде қоры 250 млн теңге. Көкпар мен көк бөріден жеңімпаз командаға 10 млн теңгеден берілсе, Жеке спорт түрлерінде алтын медаль алғандарға 500 мың теңге беріледі. Жорға, құнан бәйге, топ бәйге жеңімпазы 3 млн теңгеден иеленсе, аламан бәйге жеңімпазы 5 млн теңге ұтады.
Ойын қарсаңында ұлттық мұражайда ғылыми-тәжірибелік конференция да өткізіледі. Онда көшпенділер ойындарының болашағы мен спорттық жарыстардың ережелері талқыланады. Яғни, көп өзгере бермейтін ортақ бағдарлама енгізу маңызды. Әйтпесе, осы жолы бір көкпарды неге 2 түрлі ережемен өткізіп жатырмыз деп сұраушылар да бар.
Амангелді Сейітхан