Елорда іргесіндегі Қосшы қала мәртебесін алғанына 3 жыл. Осыған орай және Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығы мен Тілдер күні құрметіне «Қосшы деген қала бар- Сарыарқада» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Қосшы қала мәртебесін алғалы алғаш рет ақын жырына арқау болды. Мүшәйраға қалалық мәслихат депутаттары бастамашы болған.
Әлихан Жұмаханұлы, Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы:
Ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз, мемлекет деген ұғымдар баршамыз үшін қасиетті ұғым екені даусыз. Осы қасиетті ұғымдарға деген құрметіміз, сүйіспеншілігіміз деп атауға болады.
Динара Райханова, Қосшы қаласы мәслихатының депутаты:
Бұл жыр сайысын өткізудегі басты мақсатымыз мемлекеттік тіліміздің дамуына ықпал ету. Қосшы қаласы мәслихатының депутаттары мұндай бастамаларды қолдайды, алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар.
Жас ақындар мүшәйрасы облыс деңгейінде жарияланған. Оған 30 ақыннан өтінім түскен. Іріктеуден өткен 10 ақын жүлделі орындарды сарапқа салды. Олар Астана, Көкшетау қалалары мен Ерейментау, Целиноград аудандарынан келген.
Тақырыптан ауытқымай, жалынды жыр жазған қатысушылардың бірі - астаналық Азамат Серікұлы. Жүлделі бірінші орынды жеңіп алған ол, өлеңді бір күнде жазғанын айтады.
Азамат Серікұлы, мүшәйра жеңімпазы:
Өлеңнің тақырыбы «Қосшыда туған қоңыр ой» деген тақырыпта болды. Қосшының әлеуметтік, экономикалық өмірін қамтуға тырыстық өлеңде. Айтылмай жатқан мәселелерді, жер мәселелерін қамтыдық деген ойдамын.
Шара соңында ақындарға алғыс хаттар мен диполмдар және қаржылай сыйақылар берілді. Ұйымдастырушылар алдағы жылдары мүшәйраны республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.
Серік Жұмабек