Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 1300-ден аса адам қаза болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 1300-ден аса адам қаза болған

06.09.2024

Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 1300-ден аса адам қаза болған. Тағы 16 мыңнан аса тұрғын жарақат алды. Жол апаттарының көбейгені Президент Жолдауында айтылды. Мемлекет басшысы қауіпсіздікті жол-көлік инфрақұрылымын жақсартып, интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы қамтамасыз етуге болады деді. Бұл мақсатта аймақтарда қандай шаралар қолға алынады?

Жол апаттарының салдары қандай болатынын мына көліктерге қарап-ақ білуге болады. Мұнда жол-көлік оқиғасына ұшырап, жарамсыз болып қалған жүздеген автокөлік жиналған. Көбі қайта жөндеуге келмейді. Ал, апат кезінде бұлардың ішінде болған жолаушылардың жағдайын ойлаудың өзі қорқынышты.

«Жолдың жайын жүрген біледі». Медеухан Нұров Ақтөбе-Хромтау бағытына күн сайын қатынайды. Жолдың нашарлығынан темір тұлпары жиі сынады. Дегенмен, оның басты қорқынышы – жол апаттары.

Медеухан Нұров,Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

Хромтау трассасында көп жүремін. Мына жолдың нашарлығын адам айта алмайды. Мына жерде жол апаты өте көп. Жолдас жігітім әйелімен жақында ғана аварияға түсті. Жолдың нашарлығынан соның бәрі.

Ақтөбе облысында жағдай шынымен күрделі. Жыл басынан бері өңірде 106 адам қайтыс болған. Оның 15-і бала. Қара жолда қаза тапқандардың арасында тұтас отбасылар бар. Мұндай жағдай соңғы рет Самара-Шымкент және Ақтөбе-Орал тас жолында болды. Көлік апаттарының көбеюіне жолдың сапасыздығынан бөлек жүргізушілердің жауапсыздығы да себеп. Сондықтан облыс полицейлері түсіндіру, алдын алу шараларын жиілетті. Апат жиі болатын Хромтау ауданының аумағында кезекшілік ұйымдастырылды.

Айдос Құлжанов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

Қазіргі уақытта әрбір 20-30 шақырымға патрульдік полиция нарядтары қойылды. Профилактикалық жұмыс күшейтілді. Жарты сағаттың ішінде тоқтатып қарағанымызда жүзден аса көлік тоқтатылды. Оларды алып жүру ұйымдастырылды. Яғни, қарсы бағытқа шықпайды, полиция көлігінің артынан жүріп отырады.

Тас жолдарда адам өлімінің көбеюінің тағы бір себебі – оқиға орнына медицина қызметкерлерінің тез арада жете алмауы. Кейбір жол бөліктерінде ұялы байланыс жоқ. Мұндай олқылықтарды арнайы тексеріс кезінде облыс прокурорлары анықтады.

Өркен Ещанов, Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі:

Аталған мәселені шешу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэрроғарыш министрлігі мен «ҚазАвтожол» АҚ-мен арнайы комиссия құрылды. Ақтөбе облысы прокуратурасымен Көлік министрлігіне заң бұзушылықтарды жою туралы қадағалау актісі жолданды.

Салаға жауапты мекемелер автокөліктердің техникалық жағдайына бақылау жасауы керек. Бұл мәселені халыққа арнаған Жолдауында ел Президенті де айтты. Сондай-ақ жолдардың сапасына да баса назар аударған жөн. Ақтөбе облысында биыл 866 шақырым тас жол жөндеуден өтуі тиіс.


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу