Көшпенділер ойындары: Жарыста бақ сынайтын спортшыларға қандай тағамдар ұсынылады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көшпенділер ойындары: Жарыста бақ сынайтын спортшыларға қандай тағамдар ұсынылады?

05.09.2024

Астанада үш күннен соң түркі әлемі көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Дүбірлі додаға ел атынан 216 спортшы қатысады. Қазір спорт нысандарында соңғы әзірлік жүргізіліп, ел намысын қорғайтын спорт саңлақтары соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. 

Ат үстіндегі күреске ел атынан 6 спортшы қатысады. Іріктелген үздіктердің бірі Дарын Өтебай. Аударыспақ ойынын жетік меңгерген. Халықаралық дәрежедегі бірнеше турнирде топ жарған азаматтың дайындығы қызу. Өйткені жарыс күні жақын, қарсыластары да осал емес. Бұл спорт түрінен Түркия, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай сияқты 10-ға жуық ел бәсекеге түседі.

Дарын Өтебай, аударыспақтан ұлттық құрама мүшесі:

Осы спортқа келгеніме 6-7 жыл болды. Аттың үстіне мініп бастағаннан бастап, осы спорт түрін сырттай бақыладым. Өзімнің ебім келетінін түсіндім. Мені спортқа жетелеген әкем. Спорттың олимпиадалық ойыны болғаннан кейін барлық қарсылас өте мықты дайындықпен келеді. Жарысқа алты бала қатысып жатырмыз, алты алтын аламыз деген ойдамыз.

Көшпенділер ойыны Олимпиадамен пара-пар. Байрақты бәсекеге әлемнің 90 елінен спортшылар келеді. Ал еліміздің атынан ұлттық құраманың 216 спортшысы барлық 21 ойын түріне қатысады. Биыл олардың қатарына ұлттық ойынымыз - асық ату сайысы алғаш рет енгізіліп отыр.

Жомарт Сабыржанов, асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

Бұл енді аяғына тұрған спорт. Қазір асыққа қызығушылық, бұқаралық сипат алуы өте керемет. Осы біздің асық ойыны алғаш рет кірейін деп жатыр. Сондықтан біз бас алтынды жеңіп алуымыз керек. Бізде құрамада 4 ұл, 4 қыз, сосын 8 ордода.

Жарыста спортшыларға ұсынылатын тамақтың құнарлы болуы шарт. Бір күндік астың қуаттылығы 4 мың килокалориядан аз болмауы тиіс. Ойын кезінде меймандарға 5 түрлі ас мәзірі ұсынылады.

Рустам Даутов, аспаз:

Біз спортшыларымызға арнайы тағамдар дайындаймыз. Олар Шығыс, Еуропа, Азия асханасы және вегетариандарға арналған арнайы ас мәзірі. Әрине әр елдің тағамдарына қарай талғамдары да өзгеше. Бірақ, бастысы ойын кезінде спортшыларға күш-қуат беретін, дәруменге мол тамақтар болуы шарт. Үш мезгіл әртүрлі ас мәзірімен тамақтанатын болады. Әр дастарханда қазақтың ұлттық тағамдары болатынын атап өткен жөн.

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:

Көшпенділер ойынының жалауы осыдан 10 жыл бұрын қырғыз жерінде желбіреді. Дүйім жұрттың делебесін қоздыратын дода көп ұзамай дүниежүзілік сипатқа ие болды. Биыл алғаш рет спортшыларды біз қабылдаймыз. Түркі жұртының ойын түрлерін көруге Астанамызға 100 мыңнан аса турист келмек. Ал, жарыс туралы Euronews, BBC, CNN секілді алпауыт телеарналар шартарапқа ақпарат таратады.

Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу