Денсаулық сақтау саласында ортақ жүйе іске қосылады. Онда әрбір пациенттің медициналық деректері сақталады. Сала вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, бүгінде саланы толық цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Енді келер жылдан бастап азаматтардың емделу тарихын сақтау, дәрігерге жазылуды жылдамдату, медициналық талдауларды бақылау қолжетімді болмақ. Сондай-ақ, ақ халаттылар енді, компьютерге үңіліп, құжат толтырмайды. Назары тек пациентте болмақ. Қазір мамандар алдына келген сырқат адамның мәліметтерін, диагнозын базаға өздері енгізеді. Бұл сапалы ем алуға кедергі. Цифрландырудың тағы бір тиімді тұсы - мемлекеттен және МӘМС-тен бөлінетін қаржыны үнемдеу.
Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
Иә, автоматты түрде жазылып отырады. Ол тек медициналық ұйымға және пациенттің жеке кабинетіне келіп отыратын болады. Сіз мына жерде мынадай қызмет алдыңыз, мына уақытта, мынадай дәрігерге деп жазылып отырады. Егер пациент онымен келіспейтін болса кері байланысқа шығып, яғни, ол жерге бармаған , мұндай қызмет алмағам деп шағым бере алады.
Динара Жарқынбек