Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Жиында Президент жаһандық капитал нарығындағы қарқынды өзгерістер, жаңа халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың қалыптасуы, сондай-ақ елдер арасындағы интеграциялық процестердің нығаюы мен қаржы ағынын қайта бөлу жайында айтты.
Державалар арасындағы текетірес, санкциялар соғысы – мұның бәрі жер жаһанды алаңдатқан сын қатерлер. Бірақ бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни біздегі бейбітшілік пен экономикалық тұрақтылықтың арқасында қалталы инвесторларды елімізге қаржы құюға шақыруымыз керек. Осы орайда Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөліне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Салыстырмалы түрде алсақ, қысқа мерзім ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Инвестиция тарту үшін өте ыңғайлы жағдай жасалды. Оның аймақта баламасы жоқ. Инвесторларымызға қолайлы салық, виза және еңбек режимі ұсынылды. Әр инвесторды жеке және кешенді қолдау қағидалары енгізілді. Әділ әрі бейтарап сот жүйесі құрылды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғынына қолжетімді болды.
«Астана» қаржы орталығы инвестициямен шектелмеуі керек. Президент орталықты аймақтағы табысты қаржылық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту қажеттігін айтты. Ол үшін инвестициялық климатты әлі де жақсарта түсуіміз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орталық қазірдің өзінде АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясының ірі компанияларымен инвестициялық жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі «Астана» қаржы орталығының инвестициялық әлеуетін және Қазақстан экономикасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.
Десе де орталықтың Үкіметпен және ұлттық институттармен өзара ықпалдастығы көңіл көншітпейді.
Оны жандандырып, реттеуші базаны жетілдіру қажет деді Мемлекет басшысы. Әрі шетелдік қана емес, жеке қазақстандық компанияларды да ашық алаңға шығаруды ынталандыру маңызды деді. Бірақ кез-келген бизнесмен заң мен тәртіпке бағынып, «ойын ережесін» қатаң сақтауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Конституциялық заң кепілдік берген «Астана» қаржы орталығындағы салық режимі Орталықты дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады. Ол жаһан инвесторлары үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыруда негізгі рөл атқарады. Бұл біздің тұрақты ұстанымымыз, одан бас тартпаймыз.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде көміртек нарығын дамыту мәселесіне тоқталды. Әрі төтенше жағдайға қарсы тұрудың тиімді қаржылық тетігін құру қажет екенін айтты. Оның сөзінше түрлі мемлекеттік сақтандыру қорлары табиғи апаттардың салдарымен күресуге қолдау көрсетуі тиіс. Сондықтан Президент Үкіметке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, қор құру мәселесін жан-жақты зерттеуді тапсырды.
Досжан Маратұлы