«Air Astana» қызметкері Бибігүл Төлегенованы ұшақ бортына кіргізбей қойған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Air Astana» қызметкері Бибігүл Төлегенованы ұшақ бортына кіргізбей қойған

04.09.2024

«Air Astana» қызметкері Бибігүл Төлегенованы ұшақ бортына кіргізбей қойған. Осылай деген Халық әртісінің жақындары әуе компаниясының президенті Питер Фостерге үндеу жолдап, кешірім сұрауын талап еткен. Компания өкілдері біз халықаралық авиациялық ережеге сай әрекет еттік, - дейді. Осы оқиғаға қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірді.
Оқиға кеше Астанадан Алматыға ұшатын рейсте болған. Бибігүл Ахметқызының жақындары халық әртісін мүгедектер арбасына отырғызып, ұшаққа дейін апарғысы келген. Алайда...
Гөзел Төлегенова, Бибигүл Төлегенованың қызы:
Мен әуе компаниясының қызметкеріне жақындап сәл кешігіп қалғанымызды, отырғызудың алдына үлгере алмай қалғанымызды айтып түсіндірдім. Бибігүл Төлегенованың арқасы ауыратынын, ұзақ отыра алмайтынын жеткізіп, өткізіп жіберуін өтіндім. Бірақ компания қызметкері «мүгедектер арбасындағы жолаушылар бірінші немесе соңынан ұшаққа отыруы керек», - деп ұшаққа кіргізбей қойды.
«Air Astana» болған жайтқа қатысты жауап берді. Әуе компаниясының өкілі халық әртісіне құрметпен қарайтынын, қызметкердің бұл әрекетіне өкініш білдіретінін жеткізді.
Тілек Әбдірақымов, «Air Astana» АҚ қоғамдық байланыстар жөніндегі үйлестірушісі:
Халықаралық авиациялық ережелерге сәйкес коляскамен жүретін жолаушылар ұшаққа отырғызу басталғанға дейін немесе соңында шақырылады. Бұл ереже барлық жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін енгізілген. Біздің мәліметімізше Халық әртісі Бибігүл Төлегенова және оның қызы ұшаққа отырғызу басталғанда ғана келген және біздің агентіміз оларды отырғызу аяқталғанша күтуді сұрады. 
Осы оқиғаға қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді. Министр болған жайтқа алаңдаушылық білдіретінін жеткізген.

Нақтырақ айтқанда, әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Өйткені аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі.

Азаматтық авиация өкілі арбада таңылған жолаушыларды тіркегеннен кейін әуежайдың немесе әуе компаниясының өкілдері ұшаққа дейін шығарып салуы тиіс еді, - дейді. Әуе компаниясы қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында осы істі қосымша тексеретінін атап өтті.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу