Араб инвесторлары еліміздің ауылшаруашылық саласына жаңадан су қоймаларын салып береді. Тоз-тозы шыққан суару жүйелерін жөндейді. Бүгін Астанада алғашқы келісімшартқа қол қойылды. Бастапқы жұмыс тасқыннан зардап шеккен өңірлер мен қуаңшылық көрген оңтүстік жақтан басталады. Жалпы Араб үйлестіру тобына Қазақстан тарабы 250 жоба ұсынып отыр. Бұл жобалар газ, темір жол, денсаулық сынды түрлі саланы қамтиды. Оның жалпы құны 10 млрд доллар.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
Бүкіл су жүйесі қалпына келтіріледі еліміздің. Су тасқындарымен күресуге, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға, елімізде жаңа су резерваттары пайда болады. Каналдар қазылады, су қоймалары салынады. Бұл жұмыс биыл басталады. Қазан айының басында тиісті несиелік жобаға қол қоямыз.
Анасси Айссами, Ислам даму банкі ел бағдарламаларының бас директоры:
Ислам даму банкі Қазақстанның су шаруашылығындағы инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймайды. Сонымен қатар Қазақстанның жолдарын да қалпына келтіреді. Бұл да өте үлкен жобаның бірі. 9 өңірдің жолдарын жөндейміз.
Самал Қабышева