Қазақстанда БҰҰ-ның цифрлық орталығы ашылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда БҰҰ-ның цифрлық орталығы ашылуы мүмкін

03.09.2024

Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық шешімдер орталығы ашылуы мүмкін. Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты конференциясында осындай ұсыныс айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе ұйымдастырылытын жиын Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр. Астанада ірі компания басшылары мен 30 елдің цифрлық даму министрі бас қосты. Жаслан Мәдиевтің сөзінше, олар Қазақстанның тәжірибесіне көңіл аударған.

Жаслан Мәдиев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Бүкіл мемлекеттер біздің егов жүйесіне қызығып жүр.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы аймақ елдерін осы бағытта күш біріктіріп, тәжіирбе алмасуға шақырып отыр. Себебі цифрлық технологиялар жаһандық климаттық қиындықтарды шешуге көмектеседі.

Армида Салсия Алишахбана, БҰҰ бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК атқарушы хатшысы:

Цифрландыру біздің экономикамызды түрлендіруге және әлеуметтік құрылымдарды өзгерту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі мәселелерін шешуге көмектеседі.

Білім, медицина, геология, логистика және тағы басқа ондаған сала. Бұл алаңда әр бағытқа қатысты цифрлық шешімдер ұсынылған. Қазақстан 2026 жылға қарай 1 млрд доллардың IT өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр. Үлкен жобалар осындай стартаптардан басталады.

Мәселен Мұхтар Лекер бастаған жоба тауар тасымалын жеңілдетеді. Онлайн логистикалық жүйе қазір он шақты елде іске қосылған.

Мұхтар Лекер, стартап жобаның жетекшісі:

Сізде 50 көлік делік, мың тапсырыс бар. Ол тапсырысты қалай, кімге беру керек. Әр тапсырыстың салмағы бар, күтетін уақыты бар. Белгілі бір температурный режимі бар. Соның бәрін ескере отырып, біздің бағдарлама маршрут жасайды.

Ал, бұндай цифрлық жобалардың жедел дамуы үшін жылдам интернет керек. Премьер-министр келер жылдың соңына дейін барлық облыс орталығы 5G желісіне қосылатындығын айтып, Қазақстанда өңірлік орталық ашуды ұсынды.

Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

Кеше Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын әрі цифрлы технологиялар дамитын елге айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан біз бұл бағыттарды белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бүгінгі таңда Қазақтан әлемдегі цифрлық даму жағынан 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн қызметтер бойынша 8-орында.

Конференция үш күнге жалғасады. Оның қорытындысы бойынша цифрлық ынтымақтастық жөніндегі Астана құжаты қабылданбақ.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу