«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

03.09.2024

Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дода биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Аламанға Иран, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Мажарстан және тағы басқа мемлекеттерден келген шабандоздар сәйгүлік қосты. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысы мен Астананың арасын жалғайтын 500 шақырымдық жолды 4 күнде шауып өтпек.

Кезінде ата-бабаларымыз ежелгі Ботай даласында атты алғаш рет ауыздықтап мініп, өркениетке жол ашты. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан игі дәстүрді жаңғыртып, әлемге «Көшпенділер ойыны» деп атап, әлемге паш етіп отыр. Бүгінгі Ботайдан бастау алған жорыққа әлемнің 7 мемлекетінен 17 команда қатысып отыр.

Биыл алғаш рет арулар атқа қонды. Ақмола облысының «Томирис», Маңғыстау облысының «Суын» командаларында кілең бұрымдылар. Ат құлағында ойнайтын арулардың бірі Сымбат Матайқызы.

Сымбат Матайқызы, шабандоз:

Менің атым ұзақ шақырымға шауып жүрген ат. Жүздерге, барлығына жақсы орын алып жүрген аттардың бірі. Қиын емес, біз ұлдармен бірге қосылып, барлығын шауып, қазақтың қыздары мықты екенін дәлелдегіміз келеді.

Ел үшін атой салған жігіттердің де аянып қалмасы анық. Бәйгеге қосқан аттардың дені – талай додада топ жарған тұлпарлар. Көмбеге сүрінбей жеткендерінің қанжығасы майланады. Бірінші орынға 100 мың, екінші орынға 60 мың, үшінші орынға 40 мың АҚШ доллары тігіліп отыр.

Хамит Рахшот, шабандоз:

Біз Иран мемлекетінің ұлттық құрамасының мүшесіміз. Әлемдік бәйгелерге қатысып жүрміз. Алдыңғы қатардағы орындардың бірін иеленеміз деген үмітіміз бар. Қазақстанда бірнеше күн ат жаратып, өзіміз де жаттығу жасадық.

Марафон-бәйгенің басты мақсаты – әлемге ат спортын паш етумен шектелмейді, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды, алғаш жылқыны қолға үйреткен тарихи мекен Ботай мәдениетін дәріптеу көзделіп отыр. Бәйгеге негізінен қазақ даласынан шыққан Адай, Найман, Көшім, Әулие ата сынды асыл тұқымды жылқылар қатыстырылып отыр.

Исламбек Салжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

Елордада болатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бастауы деп айтқым келеді. Тек қана ұлттық спорт емес, еліміздің ұлы тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, киіміміз бен тағамымызды бүкіл әлемге паш ететін сондай бір мүмкіншілік.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 89 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы қатысады. 21 спорт түрінен 97 медаль сарапқа салынады.


Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу