Ақмола облысында екі ауылдың балалары орман шаруашылығының кеңсесінде оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында екі ауылдың балалары орман шаруашылығының кеңсесінде оқуға мәжбүр

03.09.2024

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 217 мектеп пайдалануға беріледі. Тағы 1300 оқу ордасына күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жолдауда осылай деген Президент Үкімет пен әкімдерге білім ошақтарын үш жыл ішінде толық жаңартуды тапсырды. Бұл мәселе, әсіресе, шалғай жатқан елдімекендерде өзекті. Мәселен, Ақмола облысында екі ауылдың балалары оқу жылын биыл да орман шаруашылығының кеңсесінде бастады. Оқушылар 6 жыл қатарынан тар ғимаратта білім алуға мәжбүр. Мәселе қалай шешіледі?

Ауылдың қақ ортасында орналасқан бұл мектеп 1989 жылы бой көтерген. Мұнда ауыл балалары 30 жылдан астам уақыт бойы білім алыпты. Қазір ол құлағалы тұр. Үш қабатты ғимарат ылғалды жерде салынғандықтан қабырғасы жарылып, іргетасы шөгіп кеткен. Сондықтан ол осыдан бірнеше жыл бұрын апатты деп танылған.

Алты жылдан бері ауыл балалары орман шаруашылығының кеңесесінде оқып келеді. Ғимаратта небәрі сегіз бөлме ғана бар. Оның өзі аядай тар. Партамен тақтаның арасы бір адым. Спорт зал да, арнайы жабдықталған сынып атымен жоқ. Жергілікті билік ата-аналарға балаларын жақын елдімекендегі мектепке тасып оқытуды ұсынған. Алайда, тұрғындар бас тартқан.

Баян Сапарова, ауыл тұрғыны:

Кішкентай балаларды, бірінші және нулевой сыныптарды қалай апарады? Олар да уайым-қайғы. Оңай емес. Балаларға бәрібір де ауыр тиеді. Басқа мектепке баруға оңай болмайды ол балаларға.

Ал құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған жаңа мектеп былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді. Ол үшін қазынадан бір миллиардтан астам қаржы бөлінген. Дегенмен, жұмыс аяқсыз қалып, мердігер жосықсыз деп танылды.

Риза Жүнүсов, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

Біз корректировка жасағанбыз. Оның 800 млн - 1 млрд. 100 миллионға дейін соммасы көтерілді. Оған да қарамай біздің мердігер «Ерқанат Сервис» мына мектептің ақшасын игере алмай, жұмысын бітіре алмады.

Онымен қоймай, дәл осы құрылыс компаниясы өңірдегі тағы үш мектепті салу үшін тендер ұтып алған. Алайда, бұл нысандар да мерзімінде берілмеген.

Қазір құрылысы кешіккен білім ошағын басқа мердігер салып жатыр. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Енді аула абаттандырылып, инженерлік желілер қосылады.

Әліби Қаппасов, мердігер компания директорының орынбасары:

Мұнда келгенімізге енді бір айдан асты. Қазір екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Күндіз де, түнде де тоқтап жатқан жоқпыз. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты түнгі уақытта да сол ауа-райын пайдаланып жатырмыз.

Ал жергілікті билік 80 орындық білім ошағы биылдан қалмай пайдалануға беріледі,- деп сендіріп отыр.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу