Агроөнеркәсіп кешендерін тікелей субсидиялаудан гөрі арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу керек. Себебі, шындыққа жанаспайтын ақпарат беріп, көзбояушылықпен қаржы алу ауылшаруашылығы саласының дамуына кедергі келтірді. Жолдауда осы мәселені көтерген Президент мемлекеттен қаржылай қолдаудың өзге тетіктерін қарастыруды тапсырды. Арнайы комиссия еліміз бойынша 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ малдың қағаз жүзінде дерегі болғанымен өзі жоқ екенін анықтаған. Егін шаруашылығында да осындай жағдай. Сондықтан фермерлер субсидиялау тәсілінен бас тартқанды жөн санайды.
Тахирбек Нышанбаев, Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша фермерлер қауымдастығының төрағасы:
Тікелей арзандатылған пайызбен банктерден кредит алатын болса бұл жерде сыбайлас жемқорлық жойылады. Және де кәсіпкерлердің жауапкершілігі артады. Қайтаратын кредит болған соң жұмыс істейді. Субсидия болғаны жақсы. Бірақ оны мақсатсыз жұмсайтындар да бар.
Осындай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою үшін Үкімет биылдан бастап шаруаларға үстемақысы төмен несие бере бастайды. Олардың банкке қоятын кепіл мүлкіне «Даму» қоры жәрдемдеседі. Мұнан бөлек шаруаларға тауарлы кредит беру жайы да қарастырылуда. Яғни несие ақшалай емес заттай ұсынылады. Ауыл шаруашлығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар да арзан несиенің игілігін көре алады.
Олжас Тілепалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
Мемлекет екінші деңгейлі банктердің белгілі бір мөлшердегі процентінің үстемақысын субсидиялайды. Ал түпкілікті қарыз алушы ауылшаруашылығының тауар өндірушісіне 5 пайыз көлеммен ісін дамытуға, жаңа жұмыс орнын құруға, кеңейтуге кредит берілетін болады.
Ғани Қалмаханов