Алматы облысында «Жайлы мектеп» ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында «Жайлы мектеп» ашылды

02.09.2024

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Қошмамбет ауылында 1200 орындық мектеп ашылды. Білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы үш ауысымда оқыту мәселесі шешіліп келеді. Өңірде 345 мың шәкірт тәлім алса, биылғы білім күнінде 36 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Таңдайы тақылдап тақпағында айтқандай, ең жайлы әрі заманауи мектеп бұл. Білім ошағын Қошмамбет ауылының халқы ұзақ жылдар күтіпті.

Өте қуаныштымыз. Балаларымызға жақсы болды үйдің қасынан. Бұрын қатынап оқитын.
Әкімің, ұшқышың, педагогың бәрі осы мектептен шықсын, мектебіміз жақсы болсын. Осы мектепте 5 немерем оқиды.

1200 шәкірт білім алатын мектеп толық жабдықталған. Әр сыныпта интерактивті тақта, оқуға қажеттінің бәрі бар. Ғимаратта 2 спорт зал, 2 асхана, бастауыш пен жоғары сыныптар үшін жеке корпустар қарастырылған.

Салтанат Бесбаева, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы:

600 орындық мектепке 2600 оқушы оқып отырды. Солардың бәрі заман талабына сай керемет ғимаратта білім алатын болады. 39 мектебіміз әлі үш ауысымда оқиды.

Өңірдегі бұл өзекті мәселені Президент бастамасымен жүзеге асқан ұтымды ұлттық жоба аясында шешу жоспарланған.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Осы жылы облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында 26 мектеп салу басталған. Осы жаңа мектеп балаларға жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз. Қуаныштарыңыз тағы да құтты болсын!

Шәкірттердің сапалы білім алуы үшін Алматы облысында келер жылы да ыңғайлы әрі заманауи ондаған мектеп ғимараты бой көтермек.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу