Президент Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай Ақ Ордада мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Тарихына тоқталды, істелген іс, ірі жобалар жайлы айтты. Дамуына байланысты жақында Атырауда поли-пропилен зауыты іске қосылғанына тоқталып, өңделген деңгейі жоғары өнім шығаруды еселеу міндетін айтты. Рас, мұнайдан шығаруға болатын өнімнің саны 2 мыңнан асады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет.
Ең маңыздысы – экономиканың алтын қазығының ғылым жетістіктерімен дамуы, сол салада жұмыс істейтіндердің лайықты еңбекақы алуы және сол аймақтардағы басқа саладағы адамдардың көлеңкеде қалмауы.
Мұнай дегенде газ қатар жүреді. Елді газдандыру барысы жаман емес, 12 млн-нан астам адам газбен қамтылған. Алайда солтүстік пен шығыс жұрты раһатын көріп отырған жоқ. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен сұхбатты ұсынамын.