Ата заң өзгергелі еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырды-дейді сарапшылар. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі артып, қарапайым азаматтар еліміздің саяси өміріне белсене араласа бастады. Саяси реформаларға сай қазір Президент бір мерзімге 7 жылға сайланады. Әрі оның жақын туыстарына саяси лауазымды қызметтерді атқаруына тыйым салынды. Яғни еліміз суперпрезиденттік басқару жүйесінен күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені Ата заңға жазылды. Әрі мажоритарлы сайлау жүйесі пайда болып, партияларды тіркеу жеңілдей түсті. Бұл азаматтардың белсенділігі мен саяси құрылымдардың бәсекелестігін арттыра түсті дейді сарапшылар.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
Бұның барлығы алдағы уақытта саяси партияға бірігемін деген азаматтар үшін, жаңа партия құрамын деген азаматтар үшін де жасалып жатқан оң өзгерістер, біздің мемлекетіміз де жаңа партиялардың құрылуына және қазіргі бар партиялардың да жаңаша форматта жұмыс істеуіне алып келетін болады.
Қазақстан - президенттің қандай бір партия құрамына кіруіне заңмен тыйым салынған аймақтағы жалғыз ел. Реформалардың арқасында жергілікті басқару жүйесі де жетілдірілді. Қазір облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін президент жергілікті мәслихаттың келісімін алған соң ғана тағайындай алады. Елімізде заң мен тәртіп күшейтіліп, Конституциялық сот қызметіне кірісіп кетті. Әділетті қоғам құрып, тұрақты даму үшін мұндай оң өзгерістер жалғаса береді дейді сарапшылар.
Досжан Маратұлы