Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне – 125 жыл. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілермен арнайы кездесті. Президент мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет екеніне тоқталды.
Жылдар бойы желдің өтінде, аптап ыстық пен үскірік аязда қара жердің қойнауынан қара алтын өндірген мұнайшылар бүгін Ақордада. Ерен еңбегімен ел дамуына үлес қосқан жандардың бірі – Алмагүл Қошқарова. Ол мұнай саласында қызмет еткеніне 35 жылдан асты. Шикізаттың құрамына сараптама жасап, талаптарға сәйкестігін тексереді.
Алмагүл Қошқарова, «маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының зертханашысы:
Менікі вахта 10 күндік. Сол вахтада 5 күн 1 смена, екінші түнгі сменге шығамыз екінші 5 күні. 35 жыл сонда істеп жатқасын соған да үйрендік. Сол жақта рабочий поселок бар. Таңертеңнен кешке дейін 12 сағат жұмыс жасап сосын барып дем аламыз.
Қазір Қазақстан әлемдік мұнай нарығында басты рөл атқаратын елдердің біріне айналды. Дүниежүзіне белгілі брендіміз бар. Соның арқасында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі нығайып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Қазақстанда мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады.
Жаһандану заманында энергетика саласы түбегейлі өзгеріп, логистика, экология мәселелерінің маңызы артты. Өнімге қойылатын талап та күшейді. Соған сай кәсіпорындарды соңғы буындағы құрылғылармен, технологиямен қамтып отыру да маңызды.
Бағыт Сматуллин, мұнай саласының ардагері:
Баяғы жылдардағыдай өте қиын емес. Кішкене жақсарып келе жатыр, жеңілдеп келе жатыр. Жеңілдегенде жұмыстар азайып келе жатқан жоқ. Технология... жаңа технологиямен жұмыс жасау. Жаңа техникамен жұмыс жасау. Солардың күшімен мұнай игеріп келе жатырмыз.
Дегенмен, қазір арқаны кеңге салатын кезең емес. Өзгелердің енгізген өзгерісіне масаттанбай отандық ғылымды дамыту қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет.
Қазір мұнайдан шығаруға болатын өнімнің саны 2 мыңнан асады. Тәжірибелі мұнайшылар терең өңдеуді қолға алу қажеттігін айтады. Нәтижесінде халықты күнделікті пайдаланатын тауарлармен қамтуға болады.
Қойшыбай Үсенов, мұнай-газ саласының ардагері:
Менің ойымша біздің жастарымыз жақсы дамып, оқып, сол технологияларды игерсе біз мұнайдан әлі көптеген өнім алуға болады. Бәрі алда әлі.
Жиын соңында Президент мұнай-газ саласында өнімді еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Мұнай әлем экономикасының маңызды бір бөлігіне айналған. Қара алтынның құнына байланысты жаһанда валюта бағамы да өзгесі де құбылып тұрады. Ал осы маңызды шикізаттың қоры бойынша Қазақстан әлемде 11 орында. Сондықтан мемлекет басшысы салаға серпін беріп, тың технологияларды енгізуді тоқтатпауды тапсырды.
Оңғар Алпысбайұлы