Атбасарда 200 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атбасарда 200 отбасы баспаналы болды

29.08.2024

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 200 атбасарлық отбасыға баспана табысталды. Жыл соңына дейін 145 пәтерлік тағы екі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қазір Ақмола облысында құрылыс қарқын алып келеді. Келесі жылы Атбасарда локомотив құрастыру зауыты салынбақ.

Көктемде су тасқыны кезінде атбасарлық 375 отбасы зардап шеккен еді. Олардың 200-і кеше ғана жаңа пәтерге ие болып отыр. Облыс әкімінің айтуынша, тұрғындарды су басу аймағынан көшіру мәселесі жыл соңына дейін шешімін табады.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Тағы да 100 пәтерлік баспана бой көтереді. Оны Республика күні табыстаймыз деп отырмыз. Одан кейін тағы 45 пәтерлік үй салынып жатыр, оны қыркүйектің ортасында зардап шеккендерге табыстаймыз.

Жаңа пәтер иелерінің бірі Есен Мұсажанов. Оның ескі баспанасы Жабай өзенінің маңында, қауіпті аймақта болған. Жыл сайын тасқын сумен арпалысып келе жатқан зейнеткер енді алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

Есен Мұсажанов, Атбасар қаласының тұрғыны:

Пәтеріміз биыл суға кетіп, дүниеміз суға кетіп, енді бүгін көптен күткен пәтердің кілтін алдым, 2 бөлмелі пәтер алдым. Қуанышым қойныма сыймай тұр.

Өңірде құрылыс саласы жанданып келеді. Келер жылы құны 74 млрд теңге болатын «Локомотив құрастыру зауытының» құрылысы басталады. Зауыт салынатын жерге капсула қою рәсімінде зауыттың жаңа директоры таныстырылды.

Жанатбек Адамбаев, «Атбасар локомотив құрастыру зауытының» директоры:

Бірте-бірте кадрлық әлеует 800 адамға дейін жетеді деп айта аламын. Болашақта локомотив элементтерін дайындауды жоспарлап отырмыз. Жаңа зауыт өзіміздің вагон жөндеу зауытының жанында орналасатын болады.

Зауыт 2026 жылдың соңында іске қосылады. Жоба саланы ғана емес, өңірді дамытады деп отыр зауыттың жаңа басшысы.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу