Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілермен арнайы кездесті. Президент мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі деп атады. Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Президент мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет екеніне тоқталды. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет. Заманауи экологиялық стандарттарға сай мұнай өнімдерінің тұрақты өндірісін қамтамасыз ету керек, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Қазақстанда мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады. Қазақстан әлемдік мұнай нарығында басты рөл атқаратын елдердің біріне айналды. Дүние жүзіне белгілі брендіміз бар. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі нығая түсті.
Жиын соңында Президент мұнай-газ саласында өнімді еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Оңғар Алпысбай