М.Әшімбаев: Параспорт инклюзия саласына тың серпін береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

М.Әшімбаев: Параспорт инклюзия саласына тың серпін береді

28.08.2024

Бүгін Қазақстан Паралимпиада құрамасы Астана уақыты бойынша сағат 23:00-де Парижде өтетін 17-ші Жазғы паралимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Еліміздің параспортшыларын Францияға Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев бастап барды. Жұмыс сапары барысында Палата Спикері ЮНЕСКО-ның Инклюзия жөніндегі конференциясында сөз сөйледі. Шара параспорттың инклюзия саласына беретін тың әсері және оны кеңінен қолдану мәселелеріне арналды. Мәулен Әшімбаев мұндай бастама ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға және осы алаңда инклюзия мәдениетін дәріптеудің келешегін талқылауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті:

Қазақстанда мемлекеттік саясатта инклюзивті тәсілдерді іске асыруға баса мән беріліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жаңғыртулар әділеттілік қағидатына табан тірейді. Баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құрмай ол қағидатқа қол жеткізе алмаймыз. Біздің мақсатымыз – ерекше қажеттілігі бар азаматтар бетпе-бет келетін проблемаларды шешу жолында дәстүрлі қайырымдылықтың және медициналық қолдаудың аясынан шығу. Біз олардың қоғамға бейімделуіне және өмірден өз орындарын табуына жаңа серпін беретін тиімді экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. 

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Халықаралық Паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесті. Тараптар паралимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Одан соң Сенат Төрағасы ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулемен кездесті. Онда Алматыда БҰҰ Өңірлік бюросымен жұмысты жандандыру, рухани дипломатияны ілгерілету, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және тағы басқа көпжоспарлы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері әңгімеге арқау болды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу