Алматыда жедел жәрдем қызметі балабақшаны паналап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жедел жәрдем қызметі балабақшаны паналап отыр

28.08.2024

Алматы облысында жедел жәрдем қызметі балабақшаны паналап отыр. Олар бұған дейін Талғар аудандық аурухананың ғимаратында қызмет көрсеткен. Алайда емдеу мекемесінің басшылығы ол жерден жұқпалы аурулар бөлімі ашылатынын айтып, босатуын талап еткен. Шілде айының басынан бері 200 қызметкер санитарлық талап сақталмаған ғимаратта қызмет етіп жүр. Ал, жауаптылар мәселенің қашан шешілетінін нақты айта алмай отыр.

Талғар ауданына қарасты 17-ші қосалқы жедел жәрдем стансасының қазіргі сиқы осы. Қабырғалары қақырап, шамдары салбырап тұр. Тіпті, ғимаратта су да жоқ. Қызметкерлер жарық та жиі өшіп қалатынын айтады. Орталық мамандары қолдарынан келгенше жоқ дүниені өздері ұқсатуға тырысқан. Сонда да талапқа сай емес, - дейді бөлім басшысы.

Жанболат Икрам, Талғар ауданының жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі:

Негізі жедел жәрдем стансасы арнайыланған болып жасалады. Модульная станция деп аталады. Қызметкерлердің жатын орны болады. Дәрі-дәрмек сақтау орны және дәрі-дәрмек беру орны. Заправочный деп аталады. Оның өзінің стандарттары болады. Өзінің температурасы болуы керек. Өйткені, әр дәрі түрлі температурада болады. Және ауласы кең болуы керек.

Бөлімде барлығы 21 көлік бар. Қазір олардың 17-і шақыруда жүр. Бұл жерге жүргізушілер тоқтап, ұсақ бөлшектерін ауыстырады. Өздеріңіз көргендей аула тар. Бар жоғы 4-ақ көлік сияды. Қалғандары көшеге қоюға мәжбүр.

Алматы облыстық жәдел жәрдем станциясының басшысы бұл мәселені 2022 жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтады. Жауаптыларға хат жазған, ескерткен. Десе де еш нәтиже жоқ. Тіпті Денсаулық сақтау басқармасының балансында әлі күнге дейін бірде-бір ғимарат жоқ. Бәрін 500-бен 800 мың теңгенің арасында жалға алып отырмыз, - дейді орталық директоры.

Есхат Дүйсенбайұлы, облыстық жедел-жәрдем станциясының директоры:

Жылдың аяғына дейін жалға алып отырмыз. Бұл жалғыз Талғар ауданы емес. Бізде қазір Қарасай ауданында да жалға алып отырмыз. Қонаев қаласында жалға алып отырмыз. Онымен қоса Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында. Және Есік қаласында алып отырмыз. Ғимаратымыз жоқ, станциямыз жоқ.

Орталық басшысы бұл мәселе қыркүйек айының басында облыстық мәслихатта қаралады, - дейді. Жаңа ғимарат салу сол жиыннан кейін белгілі болмақ. Оған дейін Талғардағы жедел жәрдем мамандары мүмкіндік жоқ жерде қызмет етуіне тура келеді. Күн суытып келе жатқанын ескерсек, нысанға әлі жылыту пеші де қойылмапты.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу