Бұл Дүниежүзілік көшпенділер ойынын көру үшін арнайы Анкарадан Астанаға жолға шыққан түркиялық отбасы мінген автобус. 40 жастағы ағаш ұстасы Бурак Дуран мен жары Идил Дуран екі жасар ұлы Гүнеш Кутлуханмен бірге елімізде өтетін додалы жарысты келіп көруді жоспарлаған. Олар Астанаға дейін 5400 шақырым жол жүреді. Анығын айтқанда Түркиядан Грузияға, кейін Ресейге өтіп, Татарстан арқылы Қазақстанға жетпек. Ерлі-зайыпты Ақпарат тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
Идил Дуран, Ыстанбұл қаласының тұрғыны:
Бұл олимпиада ойындары сияқты ауқымды жарыс. Сондықтан көшпенділер ойыныны мен оның қатысушыларын әлемге көрсету керек. Көшпенділер ойынының биыл Қазақстанда өтетінін естіп, неге „Көшпенді“ деп аталатын автобусымызбен алыс саяхатқа шықпасқа деген ой келді. Түркиядағы жерлестерімізге Қазақстанға бара жатқанымызды айтқанда қатты таңғалды. Біз отбасымызбен спортшыларымызға жанкүйер болып, қолдау білдіргіміз келеді. Автобусты баспана ретінде арнайы жабдықтау үшін 3 жыл кетті. Қазір Грузияға ат басын тіредік. Ұлымызбен бірге бүкіл Орталық Азияны аралаймыз. Осы тұста көзіме жас келіп, біраз толқып тұрмын. Өйткені біз бауырлас халықпыз, Қазақстан біздің ата жұртымыз.
Түркі әлемі көз тіккен көшпенділер ойыны кезінде Елордаға жалпы 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Осыған орай 20-дан астам қонақүйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру қарқынды жүргізіліп жатыр.
Ақмаржан Ғафизқызы