Қазақстан мен Киров облысымен арадағы тауар айналым 16 пайызға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Киров облысымен арадағы тауар айналым 16 пайызға артты

27.08.2024

Қазақстан мен Ресейдің Киров облысы арасында жыл сайын тауар айналымы 16 пайызға артуда. Екі тарап барлық салада ынтымақты бекіткен. Алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру көзделуде. Толығырақ өңірден Индира Бегайдар тарқатсын.

Киров облысы Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстік-шығысында орналасқан, Еділ федералды округіне кіреді. Облыста минералды тыңайтқыштар, жүк және жеңіл автомобильдерге, автобустар мен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған шиналар өндіріледі. Өңір Қазақстанмен алыс-берісті арттырып отыр.

Александр Соколов, Киров облысының губернаторы:

Экспорт пен импорт қатар өсуде. Бұл қуантарлық жайт. Бірақ ынтымақты бекіте түсуіміз керек, әлеует жоғары. Оң өзгеріс бар. Машина жасау, ауыл шаруашылығы салаларында да алыс беріс жоғары.

Ғылым, білім саласында да әріптестіктің көкжиегі кең. Әсіресе инженерлік-техникалық білімді дамыту бойынша еліміз Киров облысының жоғары оқу орны мамандарымен бірге ауқымды жобаны бірлесе жүзеге асыруда.

Сергей Фомин, оқу орнының проректоры:

Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орнымен әріптестігіміз жоғары. Алматы, Қарағандыдағы университеттермен біліктілікті арттыру бағдарламасын да жүзеге асырдық. Қазір біз бірнеше мектеппен әріптестік орнаттық. Биыл екі магистрлік бағдарламаға қабылдау жарияладық. Бағдарламаның арқасында мұғалімдер онлайн форматта білім ала алады.

Қазақстан Киров облысының ірі сауда-экономикалық әріптестерінің біріне айналды. Аймақтың ТМД мемлекеттерімен сыртқы экономикалық байланыстарында экспорт көлемі бойынша Беларусьтан кейін екінші орында. Екі тарап та сауда саттық пен әріптестік байланысты бекіте түсуге мүдделі.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу