Түркияда сел жүріп, бір адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда сел жүріп, бір адам қайтыс болды

26.08.2024

Түркияның бірнеше облысында қатты нөсердің соңы селге ұласып, бір адам қайтыс болды. Су басқан аймақтардан жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ел астанасы Анкарада жауыннан соң көшелерді су басып, көлік қатынасы қиындады. Бірнеше ауылда қатты жаңбырдан соң үйлер мен егіс алқаптары су астында қалған. 

Бұл Түркияның Каппадокия аймағындағы көрініс. Қала сыртындағы жолдарды су шайып, көліктер жүре алмай қалған. Екі сағатқа жуық жауған жаңбырдың соңы селге айналды. Ал Кыршехир облысында сел ағызып әкеткен бір адам ауруханаға жеткізілгенімен, сол жерде қайтыс болды. Су алып кеткен көліктің ішінде болған тағы бір адам әлі де іздестіріліп жатыр.

Мехмет Әли, жергілікті тұрғын:

Үш күннен бері жаңбыр жауып тұр. Ауыл ішіндегі өзен тасып үйлеріміз бен көліктерімізді су басты. Әйтеуір құтқарушылар дер кезінде келіп, адам шығыны болған жоқ.

Ал Анкара қаласында нөсер жаңбырдан соң көшелерді су басып, көлік қозғалысы қиындады. Су басқан үйлерден 32 адам құтқарылып, көлік ішінде қалып қойған 8 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Көптеген жұмыс орындары мен үйлердің төменгі қабаттары су астында қалған. Мамандар Түркияның 11 облысында сел қаупі бар екенін айтады.

Абдуллаһ Мәжит, Метеорология басқармасының маманы:

Мәрмәр теңізінің жағалауындағы қалаларда нөсер жауын болады. Бұдан бөлек Қара теңіз жағалауында да бірнеше күн бойы жаңбыр жауады деп болжап отырмыз. Басқа өңірлерде күн ашық, ыстық ауа райы сақталады. Кей жерлерде ғана жаңбыр сіркіреуі мүмкін.

Нөсер жаңбыр Қара теңіз жағалауындағы Ризе, Трабзон, Самсун қалаларында да халықты әбігерге салды. Қазір өңірлерде селдің зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатыр.

Айдос Әшімұлы 


Хабарламаларға жазылу