Беларусь мемлекеті электр қуатын мүлдем сатып алмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беларусь мемлекеті электр қуатын мүлдем сатып алмайды

26.08.2024

Беларусь Республикасы сырттан электр қуатын мүлдем сатып алмайды. Мемлекет бейбіт ядролық ресурстың арқасында, энергия көздеріне деген импорттық тәуелділіктен толық құтылды.  Жандос Темірғали өткен жылы ғана іске қосылған Беларусь атом электр станциясында болып, кешеннің жұмысымен танысты.

Беларусь энергетикасының драйвері атанған күрделі кешеннің сапасында мін жоқ. Мамандар осылай дейді.Әрбір детальға мұқият мән берілген. Берік конструкция – от пен суға, түрлі табиғи әрі техногендік апаттарға төзімді. 7 балдық жер сілкінісіне де дес бермейді. Айтуларынша, салмағы 200 тонналық ұшақ құласа да нысанға зақым келмейді. Реакторлар орнатылған маңызды корпустың өзі - 4 қабатты арнайы қауіпсіздік күмбезімен көмкерілген. Қорғаныш қабығы қалың темірбетоннан жасалып, ішкі жағы мықты металл тростармен өрілген.

Денис Мороз, Беларусь Республикасы Энергетика министрінің орынбасары:
Расымен беріктігінде мін жоқ. Атом электр станциясы тек энергетикалық қауіпсіздіктің кепілі ғана емес, сонымен қатар, климаттың өзгеруі мәселесімен де күреседі. Кешенді іске қосудың арқасында парниктік газдар қалдықтары жылына шамамен 15 миллион тоннаға азаяды. Бұл біз үшін үлкен көрсеткіш. Станция әлемдік нарықтағы энергия бағасына бағынбай, тарифтерді тұрақты белгілеуге мүмкіндік береді. Әлемдік нарықта энергия көздерінің бағасы тұрақсыз болған күнде де, Беларусь энергиясы белгіленген бағада қалады. 
Станция директоры Сергей Бобовичтің айтуынша, АЭС жыл сайын шамамен 18 миллиард кВт/сағ энергия өндіріп, елдің ішкі қажеттілігінің 40 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Электр қуатының мол өндірілуі – әлден транспорттық әлеуеттің артуына мүмкіндік беріп отыр. Қазір елде электр көліктерінің саны бірден 200 пайызға көбейіп, 15 мыңға таяп қалған. Сапа бірінші орында. Бұл ретте - мамандардың бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Сол үшін АЭС аумағында арнайы оқу базасы да жайғасқан.

Сергей Бобович, Беларусь атом электр стансасының директоры:

Энергия тапшы уақытта, ешкімге тәуелді болмау маңызды. АЭС әлемде қолданылатын үздік жобалардың бірі. Островецте жұмыс істеп жатқан жоба қазір бірқатар елде іске қосылып жатыр. Түркия, Мысыр, Мажарстан бар. Қазір мажарлық серіктестермен тәжірибе алмасудамыз. Қытайлық әріптестермен де қарым-қатынас жақсы. Мұндай жаңа инфрақұрылым ғылым саласына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттырады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Содан болар ел азаматтарының энергетика саласына деген көзқарастары оң. Атом электр станциясының бір өзі 2700-дей адамды еңбекпен қамтып отыр. 
АЭС – іргесіндегі 555 жылдық тарихы бар Островец қаласының қайта түлеуіне сеп болған. Елді мекенге 2012 жылы шаһар статусы берілді. Содан бері мұндағы тұрғындар саны екі есеге өсіп, 14 мыңнан асқан. Әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқын алған.

Сергей Хаткевич, Островец қаласының тұрғыны:

Өзім АЭС-да жұмыс істеймін. Әрі отбасыммен осы Островец қаласында тұрамын. Станцияның қауіпсіз екенін мен жақсы білемін. Бірақ, алғашында басқалармен бірге үрейленгеніміз рас. Кейіннен оның экологиялық қауіпсіз екенін, электр энергия тапшылығы болмайтынын білгенде, көзқарасымыз түбегейлі өзгерді. Будақтаған түтіннен бәрі қорқады. Бірақ ол түтін емес таза бу. Оның қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Яғни, оның құрамында радиоактивтік материалдар жоқ. Зияны болса біз бұл жерде жүрмес едік. 
Енді елде қоғамдық көлікті түбегейлі тоққа көшіру бойынша жеке жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде «Шклов» пен «Жодино» қалаларында барлық қоғамдық автобус электр қуатымен жүреді.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу