Батыс Қазақстан облысында 7 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында 7 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

26.08.2024

Батыс Қазақстан облысында 7 мектептің күрделі жөнделуі жаңа оқу жылына дейін тапсырылып үлгермейді. Бұған ата-аналар наразы болып отыр. Ал білім басқармасы бұл іске кен игеруші компания жауапты екенін алға тартты. 

Жауаптылардың салғырттығынан биыл 7 мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды. Солардың бірі - Сәкен Сейфуллин негізін қалаған Оралдағы тұңғыш қазақ мектебі, биыл құрылғанына бір ғасыр толатын №11 мектеп-лицей-интернаты. Әсіресе, ауыл-аймақтан келіп, интернатта жатып оқитын оқушылардың ата-аналары қиналып жүр.

Ләззат Дүйсенғалиева, тұрғын:

WhatsApp желісі арқылы бізге хабарлама жіберді. Балаларыңызға жататын орын таба беріңіздер. Жатқызатын жерім жоқ. Ақжайық ауданынан келіп тұрмын. Сонда менің қызым қайда оқиды? Мысалы, осы кезге дейін мен пәтерді жалдап отырмын.

Енді дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттағы 540 оқушы қаланың шет аумағындағы бұрынғы сауықтыру мектебінің ескі ғимаратына көшетін болды. Ал 170 оқушы интернатқа жатып білім алады. Облыс орталығында, сондай-ақ №17, 9 және саз мектебінің жөнделуі жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Он жетінші мектептің 1700 оқушысы да үш білім ошағына бөлініп, білім алмақ. Ол мектептерде бала саны толық болғандықтан үш ауысыммен оқиды. Жалпы өңірде 16 апатты және 10 үш ауысымда оқытатын мектеп бар.

Марат Зайнуллиев, Қалалық №17 орта мектеп директоры:

Наразылық болғанымен, шамамен түсіндіріп айттық. Қиыншылықсыз болмайды, ремонт болғасын, 1967 жылы ашылған мектеп бір де бір рет күрделі жөндеу болмағандықтан, бәріне түсіндірдік. Үш ауысымда оқимыз.

Қаладағы төрт мектептің де күрделі жөнделуіне тапсырыс беруші - Қарашығанақ кенішін игеруші кәсіпорын болып шықты. Құжат рәсімдеу, қаржыландыру ұзаққа созылып, жөндеу шілде айының ортасында басталған.

Елдос Сафуллин, Облыстық білім басқармасының басшысы:

Бұл мектептердің барлығында да негізгі қаржыландыру көзі - КПО б.в компаниясы. Олардың тендерлерін әртүрлі мердігерлер ұтып алып, төртеуін төрт мердігер жасап жатыр. Келісімшарт мерзімдері - ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін бітіруі керек.

Бұдан басқа Ақжайық ауданындағы Базартөбе, Бәйтерек ауданындағы Раздольное және Жаңақала ауданындағы Карманов мектептеріндегі күрделі жөндеу білім күніне дейін аяқталып үлгермейді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу