Тараздан 60 млн теңге алып қашқан күдікті Ресейден экстрадицияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздан 60 млн теңге алып қашқан күдікті Ресейден экстрадицияланды

26.08.2024

Тараздықтардың атынан 60 млн теңге несие рәсімдеген банктің бұрынғы қызметкері Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабар таратты.

Күдікті 2019-2022-ші жылдары екінші деңгейлі банктің Тараздағы филиалында жұмыс істеген. Сол кезде құзыретін пайдаланып, банк клиенттерінің жеке деректеріне еркін қол жеткізген. Несие қаражаттарды достарының есеп-шоттарына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Артынша алаяқ тергеуден жалтарып, ізін жасырған соң Халықаралық іздеу жарияланды.

Биыл сәуір айында Краснодар өлкесінің аумағында ұсталып, қамалды. Бас прокуратураның сұрауымен елге қайтарылды. Аталған қылмысты жасағаны сотта дәлелденсе, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу