Алғашқы қоңырау әдеттегідей 1 қыркүйек күні соғылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғашқы қоңырау әдеттегідей 1 қыркүйек күні соғылады

23.08.2024

Биыл 1 қыркүйек жексенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты ата-аналар үшін «Жаңа оқу жылы бір күнге кешігіп бастала ма?» деген сұрақ өзекті.  Оқу-ағарту министрлігі мәлімдегендей, білім күніне арналған салтанатты іс-шара дәстүрге сай қыркүйектің 1-і күні өтеді яғни, жексенбі күні алғашқы қоңырау соғылады. Ал жаңа оқу жылы «Менің Отаным – Қазақстан» атты сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесі бойынша жалғасады. Биыл 345 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.

Ал «15 қыркүйектен бастап мектеп оқушылары онлайн оқып, бетперде тағады» деген ақпар – жалған. Бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті растады. Мамандардың айтуынша, қыркүйектің 15-нен бастап тұмауға қарсы екпе егу жоспарланып отыр. Бұл – бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жыл сайынғы қаулысына сай жүзеге асырылатын шара. Бетперде тағу режимі тек медициналық қызметкерлерге қатысты енгізілмек. Ал WhatsApp желісі арқылы тараған аудиохабарламада әлдекім вирус тарап жатқанын айтып, жұртты дүрліктірген. ‎

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу