Талдықорған-Өскемен тасжолының Жетісу облысына қарасты 314 шақырымы пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған-Өскемен тасжолының Жетісу облысына қарасты 314 шақырымы пайдалануға берілді

23.08.2024

Талдықорған - Қалбатау - Өскемен тасжолының Жетісу облысына тиесілі бөлігі толықтай пайдалануға берілді. Автомагистральдің жалпы ұзындығы 768 шақырым болса, оның 314 шақырымы осы өңірді басып өтеді. Транзиттік әлеуеті зор жолмен тәулігіне 8 мыңға дейін автокөлік жүреді. Бірнеше жылға созылған жол құрылысы үшін 5 асфальт зауыты салынып, 500-ден астам техника мен 1,5 мыңға жуық адам жұмылдырылды.

314 шақырым жолдың бойында 27 көпір, 350-ден астам су өткізетін құбыр тартылып, 1500-дей жарық бағанасы орнатылды. Елуге жуық аялдама, 2 мыңнан астам жол белгілері қойылды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолға малдың шығып кетпеуі үшін Талдықорған мен Үшарал жолының екі жағынан да 107 шақырым дәл осындай торкөз қоршау тартылған болатын. Алайда соңғы кезде осы қоршауларды да ұрлап кету фактілері тіркеліп отыр. Демек қаскөйлер біріншіден қылмыс жасай отырып, екіншіден жолдағы азаматтардың өміріне қауіп төндіріп отырғанын ойламағаны өкінішті.

Асфальт пен бетонның сапасы зертханада тексеріліп, талапқа сай болғанда ғана бірақ төселіп отырды. Қазіргі таңда соңғы қабаты толық төселіп, жол бойын абаттандыру, суағарлар тарту сияқты ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды. Жолаушылар мен жүргізушілер діттеген жеріне ертерек жетіп жатқанына риза.

Досжан Омарбеков, Өскемен қаласының тұрғыны:

Бұрынғыға қарағанда солай салыстыратын болсақ, бұрынғыдан жер мен көктей айырма бар. Қазіргі стандарт бойынша білмеймін енді қалай болатынын. Қазіргі сапа барлық жақта жақсарып жатыр ғой барлық жол бойынша.

Жолаушылардың қолайлығы үшін Талдықорған мен Үшарал қаласы арасында 10 санитарлық-гигиеналық торап қойылды. Төртеуі жұмыс істей бастады, қалғаны қыркүйек, қазан айларында іске қосылады. Тораптар жергілікті кәсіпкерлерге жалға тегін беріледі.

Жасұлан Қалтаев, «Қазавтожол» ҰК АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары:

Оларға біз конкурс арқылы береміз. Ең басты мақсат 24 сағат жұмыс жасап тұруы және ол жерде тазалық болуы керек. Торапқа қажет құрал-жабдық, заттары болуы керек.

Жолды жыл 12 ай күтіп баптап ұстау үшін қазіргі таңда үш елді-мекенде жол пайдалану учаскелері мен пункттердің құрылысы жүріп жатыр. Қыста қарын күреп, құм мен тұзын себетін 30 техника алу көзделген.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу