Ташкентте халықаралық мүсіншілер симпозиумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте халықаралық мүсіншілер симпозиумы өтті

22.08.2024

Мүсін жасаушылар мәдени мұраны дамытумен қатар, қоршаған ортаны қорғау жайын басты назарда ұстауы тиіс. Өз туындысына табиғи материалды пайдалану, өнердің табиғатпен өзара үйлесімде болуына мән беру маңызды. Ташкентте өткен халықаралық мүсіншілер симпозиумы көпшілікті осыған шақырды. Ерекше шараға әлемнің бірнеше елінен шеберлер қатысты.

Симпозиумның тақырыбы «Мүсін, қоршаған орта және климаттың өзгеруі» деп аталады. Мақсат – тұрғындарды табиғатты аялауға, айналаның таза әрі әсем болуын қамтамасыз етуге үндеу. Ағаш, жасыл желек, құстар мен гүлдер олардың шығармашылығына арқау болды. Арасында адамзат үшін ең қажет нәрсе судың мүсінін бейнелегендер де бар.

Виктор Копыч, мүсінші-сәулетші (Беларусь):

Қатты материалдан сусып тұратын дүниені жасау қызықты әрі қиындығы да бар. Менің міндетім – көрген адам нені ұқтырғым келгенін бірден түсінетіндей мүсін жасау. Осындай басқосулар бізді шыңдайды. Тың идеялар пайда болады, танымымызды кеңейте түседі.

Бұл жерге Қытай, Түркия, Испания, Беларусь, Әзірбайжан мен Грузия секілді оннан астам елден тәжірибелі мүсіншілер жиналған. «Мүсін және қоршаған орта» тақырыбындағы өнер туындыларын әркім өз қиялына ерік бере отырып әрқалай жасап шығарды. Шеберлер өзара тәжірибе алмаса отырып, сәулет өнерінің дамуына септігін тигізері анық дейді жиналғандар.

Ибрахим Валиходжаев, Өзбекстан суретшілер одағының төрағасы:

Ұйымдастыру барысында арнайы байқау жарияладық. Оған 150-ден астам үміткер қатысты. Арасынан 20 сәулетшіні таңдап алдық. Шеберлердің қолынан шыққан ескерткіш мүсіндер әлемнің көптеген елдерінде алаңдар мен өзге де көрнекті жерлерден орын алған.

Шара аясында жас суретшілер үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, «Озат шәкірт» дәстүрі көрсетілді. Осында жасалған эстетикалық мәні жоғары, бірегей көркемдік шешімі мен идеясы бар мүсіндер Ташкенттің саябақтарына, ойын-сауық және туристік орталықтарына қойылмақ.


Базаргүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу