Ақмола облысында ветеринария саласының қызметкерлеріне су жаңа 19 көлік табысталды. Темір тұлпарлар негізінен шалғайдағы елдімекендерде жұмыс істейтін мал дәрігерлеріне берілді.
Өңірде ветеринарлар мінетін 200-ге жуық қызметтік автокөліктің барлығы дерлік ескірген. Көбі бұзылып, пайдаға жарамсыз болып қалған. Сондықтан кей мамандар төрт түлік ауырса, ауыл-аймақты жаяу аралап, жұмыс істейді. Оған қоса қазір облыста 100-ден астам мал дәрігері жетіспейді. Бұл салаға қызығатын жастар аз. Себебі жалақы мардымсыз. Орта есеппен небәрі 140-180 мың теңге шамасында. Қазіргі таңда өңірде мал дәрігерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлінуде.
Орал Төлеуов, Ерейментау аудандық ветеринарлық станцияның басшысы:
Алып жатқан жаңа көліктеріміз бізге өте қажет. Біздің ауданда шалғай мал жайылымдары өте көп. Тау-орман арасы. Осындай жол талғамайтын көліктер өте дұрыс. Сондай көліктерді осыдан он екі жыл бұрын алғанбыз. Оның бәрі ескірді.
Ұмсындық Наурызбаева