Әуе рейстері неге жиі кешігеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әуе рейстері неге жиі кешігеді?

21.08.2024

Соңғы уақытта ұшақтардың кешігуі жиілеп кетті. Күніне 5-10 рейске дейін іркіліп келуі үйреншікті құбылысқа айналғаны рас. Бұған халық наразы. Оған қоса авикомпания тарапынан ұшаққа отырғызу уақыты туралы қате ақпарат тарату деректері тіркеліп жатыр. Соған қарамастан алдағы уақытта ұшақ билеттері қымбаттауы мүмкін. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазақстанның бірнеше бағыты бойынша ұшақ рейстері бүгін де кешігіп жатыр. Алматы, Ақтөбе, Астана, Ташкент, Душанбе, Батуми, Ақтау, Тбилиси және Шымкент сияқты бағыттардан ұшатын рейстер іркілген. Бұл алғашқы жағдай емес, соңғы екі апта көлемінде әуе кемелерінің әуежайларға кешігіп келуіне жұрттың шағымы көп. Себебін авиакомпания басшылары былай түсіндірді.

Ричард Леджер, «FlyArystan» авиакомпаниясының президенті:

Өткен апта бұршақ жауып 5 ұшаққа зақым келді. Тағы 5 әуе кемесі түрлі себептерге байланысты істен шыққан. Қазір олар қайтадан жолаушы тасымалдап жатыр. Сондай-ақ еліміздің бірнеше қаласындағы әуежайларда жөндеу жұмыстары басталған. Атап айтсақ, Ақтөбе мен Ақтауда ұшақтардың ұшып-қону жолақтары қалыпқа келтірілуде. 20 жыл жөндеу көрмеген Астана аэропорты да жөндеуден өтіп жатыр. Сондықтан түнгі рейстерді күндізге ауыстырдық. Бұрын сағатына 10-12 рейс келетін болса, қазір 20-25 рейс келеді.

Рейстердің кешігуімен қоса соңғы күндері жолаушыларға ұшаққа отырғызу уақыты туралы SMS түрінде қате ақпарат таратылып жатыр. Салдарынан рейстеріне кешігіп, діттеген жеріне жете алмай қалғандар қанша. Жуырда Алматы әуежайында болған жолаушы мен қызметкерлер арасында туындаған жанжалдың да себебі осы. Авиакомпания өкілдері мұндай олқылықтың туындауына жүйедегі кемшіліктер себеп екенін айтып, мәселені жуық арада шешетінін жеткізді. Ал өткен айда FlyArystan компаниясының қызметкерлері 12 жастағы қызды рейске жібермегені туралы айтқан едік. Ол үшін компанияға айыппұл салынды. Бірақ жауапты қызметкердердің ешқайсысы жұмыстан қуылмаған, тіпті тәртіптік жауапкершілікке тартылмапты. Осындай келеңсіз жағдайларға қарамастан жуық арада ұшақ билеттері қымбаттамақ. Өйткені жанармай тапшы.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

Ол бізге жетпей жатыр. Сол себепті импорт жағынан баға төмен түседі, өседі. Маусыммен. Ол енді бағаға әсер етеді. Тариф өспейді. Бірақ күнделікті факторлар әсер етеді. 52 пайыз жолаушылар билеттерді екі апта бұрын алады. Сондықтан алдын ала алсаңыз арзан болады.

Айта кету керек, отандық зауыттар жылына 500-600 тонна авиокеросин өндіреді. Ал қажеттілік миллион тоннадан асады. Сырттан тағы 500 тоннадай жанармай импорттау керек. Енді рейстердің кешігуі қашанға дейін созылады деген сұраққа келсек, Көлік вице-министірінің айтуынша, әуежайлардың жөндеу жұмыстарының аяқталуы мен жаңа ұшақтардың келуін күту қажет. Яғни жолаушыларға қыркүйектің ортасына дейін шыдауға тура келеді.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу