Қызылордада құбыр қазып кейін орны жөнделген жолдардың сапасы сын көтермей тұр. Бетіндегі асфальт жабындысы опырылып, көшелер ой-шұқырға айналған. Әсіресе қала орталығындағы Қыдыров көшесі тұрғындар үшін қауіп туғызып отыр. Кәріз жүйесі мен ауыз су құбыры ауыстырылғаннан кейін жол оңбай қалған. Ал жанында мектеп бар. Адам түгіл көліктің жүруі қиындаған көшеде «қазылған жол опырылып, балалар шұңқырға түсіп кете ме» деп алаңдайды тұрғындар.
Алмагүл Мырзағалиева, қала тұрғыны:
Былтыр да, алдыңғы жылы да бұл көше төрт рет қазылған. Төртеуін де дұрыс істемей кетті. Жартылай істейді де, жартылай қалдырады. Мына жолды иә әрі емес, иә бері емес қылып істеп кеткен. Шаң көтерілгенде балаларымызға қолайсыз.
Қаладағы сапасы сын көтермейтін бірқатар көше жолдарына антикор өкілдері мен қоғам белсенділері мониторинг жүргізді. Анықталған кемшіліктер бойынша салаға жауапты мамандарға сын-ескертпелер берілді. Алдағы уақытта бұл бағытта қоғамдық бақылау ұдайы жүргізілмек.
Жеңісбек Файзуллаев, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Қазір анықталған ақаулар, ойық пайда болған шұңқырлар пайда болған жерлер бар. Оны мердігер есебінен өзінің 24 ай келісімшартта кепілдік мерзімі қаралған. Соған сәйкес біз қазір ескертпе бердік. Қаланың орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелердің тізімінде осы Қыдыров көшесі де бар.
Әділбек Серікұлы