Маймыл шешегі дертінің дендеуіне жол бермеу мақсатында Астанадағы халықаралық әуежайда арнайы оқу-жаттығу өтті. Мақсат – ел тұрғындарын құлақтандыру және сақтық шараларға дайындау. Оған әуежай қызметтері мен қалалық жедел жәрдем және көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары қатысты. Оқу-жаттығу кезінде алдымен халықаралық рейстен түскен жолаушылардың дене қызуы тексерілді. Сонан соң маймыл шешегі дертін жұқтыруы мүмкін деген жолаушыны арнайы бөлмеге оқшаулады. Күдікті науқастың ауру белгілері мен жай-күйіне қатысты сұрақтар қойылды. Сондай-ақ ауру белгілері байқалмаған бірақ науқаспен байланыста болған өзге жолаушылардың 21 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болатыны түсіндірілді. Осылайша эпидемияға қарсы шаралар рет-ретімен көрсетілді.
Баян Дәулетиярова, ҚР ДСМ көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары:
Маймыл шешегінің белгілері - бас ауырады, бұлшықеттері ауырады, дене қызуы көтеріледі. Сосын кейін лимфа түйіндері өседі, содан кейін барып бөртпе пайда болады. Сондықтан шетелге саяхат жасаған адамдарға айтарымыз, егер сол саяхатқа барып-келгеннен кейін 21 күннің ішінде осы белгілер пайда болған болса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінген жөн.
Қаракөз Тұрмағанбет