Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөз болған ауылдағы мәдени нысандар мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Мысалы, Қарағанды облысында биыл 3 ауылда су жаңа мәдениет үйі бой көтерді. Одан бөлек ескірген ғимараттар жаңартылуда.
Бұл 3500-нан аса адам мекен ететін Үштөбе ауылы. Жылдан жылға тұрғындар саны артып, кәсіптері де түрленіп келеді. Бірақ бір қиыны ауылда мәдениет үйі атымен жоқ. 90-жылдары еге болатын ел табылмай, өртеніп кеткен.
Рамазан Қиқымов, ауыл тұрғыны:
Адам рухани бай болса, халықта бай болады. Сондықтан осындай мәдениет ошағы кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа өте жақсы. Көп жастарымыз мәдениеттен шет қалды. Себебі бас қосатын мұндай мәдениет үйлері жоқ.
Үштөбе ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүруде. Қазір жұмыс 80 пайызға аяқталған. 200 адамға шақталған мәдени нысанға 679 миллион теңге бөлінген.
Айжан Мұратхан, Бұқар жырау ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
Мәдениет үйінде домбыра үйірмесі, балалардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған қазақ бұрыштары бар. Ән үйірмесі, хор, вокал секілді үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істеп тұрады.
Бұдан бөлек тағы 2 ауылда су жаңа мәдениет үйлері салынып, 16 нысан жөндеуден өткен. Келер жылы тағы 1 ауылда жаңа ғимарат бой көтермек. Заң бойынша адам саны 1000-нан асқан елдімекенде ғана мәдениет үйлері салынуы тиіс. Ал қалған ауылдар клуб пен кітапхана аумағын місе тұтуға тура келеді.
Жандос Бақытұлы