Қазақстанда АЭС салу бойынша жария талқылаулар аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда АЭС салу бойынша жария талқылаулар аяқталды

20.08.2024

Бүгін Астанада атом электр станциясын салу мәселесі бойынша соңғы жария талқылау өтті. Мамандар жұртшылыққа елдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, АЭС құрылысына дайындығын айтты. Сонымен елдің энергия секторын дамыту үшін АЭС салудың қандай тиімді тұстары бар? Серік Жұмабектің материалы.

Қазір Қазақстанда 46 күн, 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Өкініштісі бұлар елдегі электр энергияның тек 6 пайызын ғана өндіріп отыр. Ал АЭС осы олқылықтың орнын жабады, - дейді мамандар.

Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:
Не үшін біз Қазақстанда АЭС салу мәселесін қарастырып жатырмыз. Себебі АЭС ол тұрақты жұмыс істейтін жасыл энергетикаға жататын станция.
Ерболат Қоянбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығы Атом энергиясы институты директорының орынбасары:
Атом энергетикасы деген ол 24 сағат бойы 7 күн жұмасына жұмыс істейтін энергия көзі, тұрақты энергия көзі. Ол болмаса ертең сіздер жарықсыз қаласыздар. Электр энергияға 6 пайыз тапшылық болуы мүмкін. Ертең ол 10 пайызға дейін жетсе, әрбір 10-шы үй жарықсыз қалады деген сөз.
2023 жылы Қазақстан 115 млрд кв сағат электр энергиясын тұтынған. Оның 2 млрд сағатқа жуығы Ресейден сатып алынған. Алдағы уақытта бұл цифр тағы да өсуі мүмкін, -  дейді ғалымдар. Сол үшін АЭС салу тек электр қуаты үшін емес, қуатты экономика үшін де маңызды болып отыр.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір әлемде 30-дан астам мемлекетте АЭС бар. Сол 30-дан астам мемлекетке әлемнің жарты экономикасы тиесілі, әлемнің жарты тұрғыны сол мемлекетке тиесілі, әлемнің 70 пайыз экспортқа шығатын тауарлары сол елдерде шығарылады. Енді одан артық қандай аргумент керек.
Халық арасында АЭС қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық көп. Алайда ғалымдар нақты дәлел келтіріп отыр. Мысалы, АЭС 8 балдық жер сілкінісіне, секундына 56 метр жылдамдықпен соққан желге шыдамды. Тіпті 400 тонналық ұшақ 720 шақырым жылдамдықпен келіп соғылса да зақымдай алмайды екен.

Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры:
Қазақстандықтар әлі айыра алмайды. Семей полигонында ол бомбалар. Яғни, уран 235-ті 95 пайызға дейін байыту керек. Ал АЭС-те отын 4,5 пайыз ғана байытылады. Сондықтан АЭС бомба сияқты ешқашан жарылмайды.
Ерболат Қоянбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығы Атом энергиясы институты директорының орынбасары: 
Апаттың болу ықтималдылығы 10 млн жылға бір ықтималдылық болады. Егер авария болған жағдайда шұғыл іс-әрекеттер қабылдайтын аймақтың радиусы 3 км реактордан.
Салыстырмалы түрде айтсақ: қазіргі жағдайда 4 гигаватт электр энергиясын өндіру үшін 70 тонна көмір немесе 140 тонна ағаш жағуға тура келеді. Ал АЭС бар-жоғы 630 грамм ядролық отын жағады. Шығатын қалдықтар да жер мен көктей. Мысалы, АЭС арқылы бір гигаватт қуатты өндіру үшін 50 текше метр қалдық түзіледі. Ал көмір станциясы дәл осындай қуат үшін 200-300 мың тонна қалдық шығарады екен.

Саябек Сахиев,«Ядролық физика институты» РМК бас директоры: 
ЖЭС шыққан күл мен АЭС шыққан қалдықтың айырмашылығы екі түрлі. Күлді екінші рет қолдана алмайсыз.
Қазір әлемде 415 АЭС жұмыс істеп тұр, тағы 59-ы салынып жатыр. Егер елімізде құрылыс басталатын болса кемінде 7000 адам жұмысқа тартылмақ. Ал АЭС іске қосылғанда 2000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Серік Жұмабек, тілші: 
Дәл осындай форматтағы талқылау жиындары бұған дейін Қазақстанның 20 өңірінде өткен бүгін де бір шара өз мәресіне жетті. Бірақ бұл соңғы қорытынды емес. Қазақстанда АЭС салына ма, жоқ па деген сауалдың жауабы күздегі референдумда белгілі болады.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу