Маймыл шешегіне байланысты бақылау күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маймыл шешегіне байланысты бақылау күшейтілді

19.08.2024

Маймыл шешегінің өршуіне байланысты қазір елімізде сақтық шаралары күшейтілді. Әуежайлар мен шекарадағы 44 бекетте шетелден келген жолаушылар қатаң тексеруден өтіп жатыр. Абырой болғанда, қазір елімізде бұл дертті жұқтырған адам жоқ. Ал, шетелдегі қазақстандықтар арасында аталған ауруға шалдыққандардың бар-жоғы әзірге белгісіз.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Сырттан Қазақстанға келетін кез келген турист болсын және өзіміздің азаматтар шетелге барып қайтып келген кездің өзінде де қатаң бақылаудан өтеді. Егерде олар аса қауіпті инфекция жұқтырғаны белгілері пайда болса біз оларды анықтап бірден оқшаулаймыз. 

Министрлік аталған ауру жылдам тарап жатқан елдерге баруды жоспарлап отырған қазақстандықтарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Ауру жануардан адамға және адамнан адамға жұғады. Сондықтан жануарларға күтім жасау кезінде қорғаныш киімдерін, қолғаптар мен маскаларды қолдануды және бөтен адамның тұрмыстық бұйымдарын пайдалануға болмайтынын айтады. Ең бастысы- гигиена сақтау. Қолды үнемі жуып, дезинфекциялау құралдарын қолдану шарт. Егер, бөртпе, жоғары температура, шаршау және басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек, - дейді мамандар.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу