Елімізде Ауғанстанда өндірілген сусындарға тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде Ауғанстанда өндірілген сусындарға тыйым салынуы мүмкін

16.08.2024

Елімізде Ауғанстанда өндірілген кейбір газдалған сусындарға тыйым салынуы мүмкін. Себебі, олардың құрамында бояғыш заттардың мөлшері шамадан тыс екені анықталған. Жаз мезгілінде шөлді басатын сусындарға сұраныс артатыны рас. Әсіресе, дүкен сөрелерінен көзге жиі түсетіні де – осы газдалған сусындар. Оның зияндылығын мамандар қалай анықтайды? Қауіпті сусындар сатылымнан алына ма? Жазира Оразқызының репортажы.

 Айжан Тілеукеш, сатушы:

Жаз мезгілі болғасын, күн өте ыстық. Ата-аналар да, балалар да сусындарды көп алады. Оларға сұраныс өте көп.

Иә, дүкендерден сусындардың бағасы мен сапасы жағынан сан алуан түрін табасың. Алматылық Айя да, баласымен бірге дүкенге келсе, азық-түлікпен бірге сусындар да сатып алады.

Айя Жан, қала тұрғыны:

Сусындардың құрамындағы зиянды заттарды анықтап, оған тыйым салынуы өте дұрыс. Әрине, балам далада ойнап, шөлдегенде газды сусындарды ішіп жатады. Зиян екенін айтып түсіндіремін. Бірақ ойын баласы болғасын, кейде қызығып, әперуімізді сұрайды.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, шетелден елге келетін кез келген азық-түлік өнімі жіті тексеріледі. Сондай тексеріс кезінде Ауғанстанда өндірілген кейбір газдалған сусындардың сәйкестік декларациясы болмаған. Сол себепті, зертханаға жіберіліп, сынама алынған.

Нұрша Әзімбаева, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Сол сынамалардың нәтижесінде осы бояғыш заттардың құрамы шамадан тыс екені анықталған болатын. Газдалған сусындарды Ауғанстаннан келген қолданыстан, сатылымнан алып тастау жөнінде шешім қабылданып, осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бояғыш заттың анықталуы, денсаулыққа әрине зиянды болғандықтан, қосымша шаралар қолдануда.

Газдалған сусындардың құрамындағы бояғыштар, химиялық қоспалар, тұрақтандырғыштар, қышқылдар мен консерванттардың мөлшерін Ұлттық сараптама орталықтарының мамандары тексереді.

Дана Қырғызбаева, ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығының» зертхана қызметкері:

Гранат шырынын арнайы пробиркаға құйып аламыз. Осы пробиркадан 100 микробитр өлшемде аламыз. Бізге гранат шырынын 10 есеге сұйылту керек. Осы арнайы ТРТ тест 029 техникалық регламенті бойынша әр бояғыштың өзінің нормасы бар.

Жазира Оразқызы, тілші:

Таза су немесе газдалған тәтті сусындар. Дүкенге кірген тұтынушы әсіресе балалар көбіне қызығып, мына сусынды таңдайды. Бірақ оның салдары ауыр. Артық салмақ, қант диабетінен бөлек,мамандар мың сан ауруға себепші екенін айтады. Әсіресе, бұғанасы қатпаған балалар үшін аса қауіпті

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу