Елімізде АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылаулар жалғасып жатыр. 19-шы талқылау бүгін Алматыда өтті. Жиынға атом саласының сарапшылары, мемлекеттік орган мамандары, жергілікті тұрғындар мен азаматтық сектордың өкілдері қатысты.
АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешу. Жиында сөз алған мамандар осылай деді. Себебі, 2030 жылға қарай Қазақстанда қуат жетіспеушілігі сағатына 13 млрд киловаттан асуы мүмкін. Ғалымдар түйткілдің түйінін тарқату үшін атом электр станциясын салуды ұсынып отыр. Бұған тәжірибеміз жеткілікті дейді.
Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары:
Біздің жоғары білімді мамандар Өскемен қаласында осындай дайын ядролық отынды қазіргі уақытта дайындайды. Өкінішке орай, олармен тек қана шетелдік мемлекеттер пайдаланды қазіргі таңда. Бұдан басқа бізде зерттеу реакторлары да жұмыс істеп жатыр. Курчатов қаласында да, Алматы қаласында.
Сондай-ақ, сарапшылар станция салу арқылы экология мәселесін тиімді шешуге болатынын айтады. Себебі, мұндай орталықтар көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Осыны ескерген жаһан жұрты да ауаны қалай тазартудың жолын атом орталықтары арқылы іздеуге көшкен.
Жұбаныш Әбдімұратов, АЭЖБУ электрэнергетика және электртехника институтының директоры:
Атом электр станциясы – басқа станцияларға қарағанда экологиялық таза. Өздеріңіз білесіздер АҚШ болсын, Еуропадағы біраз елдер, соның ішінде Франция 80%-ға дейін электр энергиясы өзінде. АЭС арқылы өндіріледі. Ол жэерде бірде-бір радиацияның шығуы, басқа жағдайлар болып жатқан жоқ.
Айнұр Бегімбетова, Энергетика және жасыл технологиялар институтының директоры:
Қазақстанның ғалымдары соңғы 10 жылда орташа жылдық температура 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға артқанын айтуда. Бұл климаттың тым қысқа мерзімде, тез өзгеріп жатқанын көрсетеді. Осы мәселемен күресу үшін атом электр станцияларын салу қажет. Біріншіден, бұл таза энергияға қол жеткізуге мүмкіндік берсе, екіншіден, климаттың өзгеруіне қарсы күрес.
Жиында АЭС құрылысына қатысты түрлі пікір айтылды. Десе де, мәселенің нүктесін халық қояды. Бұл туралы Мемлекет басшысы күзде референдум өтетінін айтқан болатын. Осы уақытқа дейін барлық облыста жария талқылаулар өтіп жатыр.
Қуан Нұрақын