Пойыз билеттері 20% қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пойыз билеттері 20% қымбаттайды

16.08.2024

Елімізде пойыз билеттері 20 пайызға қымбаттайды. Жаңа тариф 1 қазаннан бастап күшіне енеді. «Тальго» пойызына билет құны шамамен 19 493 теңге, стандартты пойыздарда купенің құны - 19 653 теңге, ал плацкарттікі - 12 871 теңгедей болады. Қала маңындағы пойыздарға билет құны 6 314 теңгеге жуықтайды. «Тарифті өсірудегі мақсат - қызмет сапасын жақсарту мен теміржолшылардың жалақысын көтеру», - дейді жауаптылар.

Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде 14 теміржол тасымалдаушысы бар. Олар 140 бағыт бойынша жолаушы тасиды. Күзде соның 62-де тарифтер өседі. Оған инфляция және қолданыстағы 2 667 жолаушы вагонының 44%-ы тозуы себеп. Сондай-ақ, сала министрлігі теміржол бағытында қызмет көрсететін компанияларға талап күшейетінін мәлімдеді. Яғни, жолаушы пойыздарының жай-күйін жақсарту үшін субсидия алатын компаниялардың жұмысы стандартқа сай болмаса қаражаттан қағылады.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу