Бүгін Астанада БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге сеп болар Акселератордың жария есебі көпшілікке таныстырылды. Жобаны әзірлеушілер заңнаманы жетілдіріп, өңірлерді орнықты дамыту бағытындағы шешімдер мен ұсыныстарды ортаға салды. Денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық өсу, қалалардың тұрақты дамуы және тағы басқа салаларда сын-қатер туындауы мүмкін жағдайларды талдады. Бас-аяғы 100 күнге жалғасқан жұмыстың нәтижесін халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары тыңдады. Іс-шараға зерттеу институттарының сарапшылары да қатысты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шілде айының аяғында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті. Ол құжат ұлттық және өңірлік деңгейде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді көздейді. Бұл ретте Акселератордың тиімді тетік ретінде қызмет ететінін атап өткен жөн. Біріншіден, Сенаттың заң шығару бойынша жұмысын жетілдіреді. Екіншіден, елімізде орнықты даму мақсаттарының орындалуына мониторинг жүргізетін Парламенттік комиссияның ісін ілгерілетуге ықпал етеді. Үшіншіден, ұсыныстарды дайындау кезінде тәжірибелі сарапшыларды тартуға көмектеседі. Төртіншіден, орнықты даму мақсаттарын өңірлік деңгейде жүзеге асыруға сеп болатын тетіктерді ойлап табуға ықпал етеді.
Қаракөз Тұрмағанбет