Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт салынады

15.08.2024

Түркияның ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші ірі компаниялары Қазақстанда зауыт салуға ниетті. Анкара және Кония қалаларында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясымен кездескен түркиялық кәсіпкерлер осылай деді. Әсіресе егістік суару техникаларын жасайтын компаниялар Қазақстан нарығына кіруге мүдделі. Елімізде су мол болғанымен оны тиімді пайдалану жағы дұрыс жолға қойылмаған. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдану арқылы мол өнім алуға болады,- дейді мамандар. Бұл әдіс топырақты тиімді пайдаланып, суды үнемдеу үшін де өте маңызды. Бүгінде түркиялық инвесторлардың қатысуымен Қызылорда және Атырау облыстарында егістік суару құрылғыларын шығаратын зауыт салу жұмыстары басталып кетті.
 
Зубейр Акын, түркиялық кәсіпкер:
Қазақстанда компаниямызды ашып, зауыт салу жұмыстарына кірістік. Біз тек зауыт салып қана қоймай, тамшылатып суару технологиясын жергілікті шаруаларға үйрету мәселесін де қолға аламыз. Себебі Қазақстанда суды тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Бұл тұрғыда бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі де жергілікті әкімдік те жан-жақты қолдау жасап отыр.

Абдулғани Ашраф, түркиялық кәсіпкер:
Қазақстанға 2019 жылдан бері егістік суару техникасын сатып келеміз. Енді Атырауда бір зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы зауытымызды ашып, өндірісті сол жақта жасамақпыз. Қазақстан мемлекеті тарапынан да жергілікті өндірушілерге жеңілдіктер көп. Осыны пайдаланып зауытымызды сол жақта құрып, көршілес елдерге де техникамызды сатамыз деп ойлаймыз. 

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу