Қазақстанда атом электр станциясын салу жөнінде қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Мақсат - халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу. Бүгін кезекті басқосу Қонаев қаласында өтті. Оған экологиялық ұйымдардың өкілдері, энергетика саласындағы сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Атом электр станциясын салудағы басты қажеттілік – еліміздегі электр энергиясы тапшылығын шешу. Сарапшылар осылай дейді. Аймақ тұрғындары мамандарға көкейкесті сұрақтарын қойып, пікірталасқа белсенді қатысты.
Нұрлыбай Мұсапиров, облыстық «Семей полигоны мүгедектері мен ардагерлері» ҚБ төрағасы:
Өз басым жасыл энергия дегенді қолдаймын. Жасыл энергияның ішінде атом энергиясының сапасы ең жоғары болып тұр.
Ғалымдар Қазақстандағы атом электр станцияларында МАГАТЭ-нің қатаң стандарттарына сәйкес келетін III және III+ буын реакторлары қолданылатынын алға тартты. АЭС-тің экологиялық қауіпсіздігі – басты назарда.
Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры:
Әлемде осы күнге дейін ең қауіпсіз, арзанын іздеп келсе, адамзат экологиялық мәселелерге сәйкес енді ең жасыл энергетиканы іздеп келе жатыр. Міне осы екі шартты қанағаттандыратын ол – атом электр станциясы. Яғни базалық. 24 сағат тәулігіне, 7 күн аптасына электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыратын.
Нысанды салуға екі орын қарастырылған. Оның біреуі – Алматы облысындағы Үлкен ауылы, екіншісі – Абай облысындағы Курчатов қаласының аумағы. Халықаралық сарапшылар станцияның құрылысы қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді, - дейді.
Эдгар Сибергер, Атом саласындағы бизнесті дамыту жөніндегі сарапшы:
Кез келген ядролық жобаның сәтті іске асуы қоғамның қолдауына тікелей байланысты. Францияда өздеріңіз білесіздер, атом энергиясы – негізгі қуат көзі. Бізде халықпен тығыз жұмыс жүргізіледі. Қауіпсіздік, экологиялық тазалық пен ядролық энергияның тиімділігі туралы ақпараттандыру, қоғамдық тыңдаулар мен оқыту бағдарламалары жиі ұйымдастырылады. Қазақстан да осы тәжірибені басшылыққа алады деп ойлаймын.
Аймақ тұрғындары қоғамдық талқылауда сала мамандарынан нақты жауап алды. Айта кетсек, биыл Мемлекет басшысы осы жоба туралы күзде референдум өтетінін айтқан болатын.
Қуан Нұрақын