Отандық өндірушілерге қолдау артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық өндірушілерге қолдау артады

13.08.2024

Мемлекеттік сатып алу арқылы импорттық тауарларды жеткізуге тыйым салынады. Қазақстанда өндірілмейтін заттарды ғана шетелден тасуға рұқсат етілмек. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Жиында қазақстандық өндіруші компанияларға жасалатын қолдауды арттыру мәселесі талқыланды. 

Импортты қысқарту бойынша бірқатар сала оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен өңдеу өнеркәсібінде әкелінетін өнім көрсеткіші 7%-ға төмендесе, өндіріс көлемі 4%-ға артты. Дегенмен мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біздің кәсіпорындардың әлеуеті әлдеқайда әлеуетті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Бұл тек қана сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс. Импортты алмастыру жұмыстарын, оның ішінде оф-тейк келісімдер арқылы жандандыра түсу қажет. Бұл отандық компанияларға өздерін алдағы бірнеше жылдар бойына тапсырыстар мен қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді кеңейтуге және игеруге мүмкіндік береді.

Қазір отандық өндірушілердің реестрі жасалып жатыр. Ол жерде жұмыс бағыты, кәсіпорынның қуаттылығы, қызметкерлердің санына дейін жазылады. Кейін осы ақпараттар негізінде компаниялар конкурстарға қатысып, мемлекеттен көмек алады.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Реестрге енгізілген субъектілер мемлекеттік қолдау шараларына сонымен қатар мемлекеттік, квазимемлекеттік және жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларына қатыса алады. Реестрге енгізілген өндірушілерге локализациялауды арттыру шарты қойылатын болады.

Мемлекеттік сатып алу кезінде де, отандық өнімге басымдық беріледі. Ішкі нарықтан табылмаған тауарларды ғана сырттан жеткізуге рұқсат. Бұл талапты бұзғандармен шарт та, бұзылады.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

Енді отандық тауарлардың орнына шетелдік тауарлар сатып алудың қорытындыларын күшін мемлекеттік аудит органдары жояды. Мәселен ағымдағы жылдың сәуірінен бастап 25 млн теңгеге 8 сатып алудың күші жойылды.

Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің қарқыны жақсы. Сала министрінің мәліметінше, былтырғыдан 95 млрд теңгеге көп өнім шығарылған. Өсім - 14 пайыздан жоғары.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Кең таралған аурулар тізімінің негізінде министрлікпенен басымдық берілетін базалық дәрілік заттардың тізімі қалыптастырылып, 283 дәрілік зат іріктеліп алынды. Бүгінгі күні осы тізімдегі 107 дәрілік заттар яғни 37,5 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Алдағы уақытта қалған 178 дәрілік заттардың өндірісін жүргізу басымдыққа ие болады.

Барлық бағыттағы өндіріске басымдық берілуі керек. Мемлекеттік қолдаудың ең басты тәсілі оф-тейк келісімдер арқылы өз өніміміздің жылдам сатылуына мүмкіндік жасау және жүйені барынша нақты әрі әділ етуіміз керек, -  деді Үкімет басшысы.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу