«Қазақстан» телеарадиокорпорациясының «Алтын қоры» тағылымы мол тағы бір тарихи хикаямен толықпақ. Классик жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінің желісімен түсірілетін туынды Жеңістің 80 жылдығына арналады. 6 бөлімді телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы облысының Ақөзек ауылында басталды.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:
Соңғы жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тарихи сериалдарға ерекше көңіл бөліп жүр, білесіздер. Осы жерде үлкен түсіруші топ жиналды. Бәріңізге сәттілік тілеймін. Бұл дүние біз үшін өте маңызды. Жеңістің 80 жылдығына арналады. Біз бұл жұмысты арнайы алдын ала бастап жатырмыз. Көрермен көзайымына айналады деп сенеміз.
Жазира Оразқызы, тілші:
Ақ алманың – жабайы алманың қымыз иісі бәрінен ерекше еді. Дәл осындай әдемі оймен басталған шығарманың желісінде түсірілетін телехикаяның түсірілім алаңы бұл. Телетуындыда соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, ауыр тұрмыс, жамандық пен жақсылықтың арпалысы баяндалады.
Соғыс жылдарын қаз-қалпында көгілдір экранда бейнелеу оңай емес. Бұл күрделі әрі жауапты жұмысты кәсіби режиссер Айдын Сахаман мойнына алған. Құнды әрі мазмұнды дүниелер түсіруді мақсат тұтқан маманның бұл – «Qazaqstan» арнасындағы ауқымды сегізінші жобасы.
Айдын Сахаман, телехикаяның қоюшы-режиссері:
Соғыс кезеңі болғанымен ол соғыс жайында емес. Хикаямыз соғыс кезіндегі тылдағы әйелдердің, шал-кемпірлердің, балалардың жағдайы, қаншалықты қиын, қаншалықты өмірлері әсерлі болғанын соның барлығын бүгінгі көрерменге көрсетпек ойымыз бар.
Майдан даласындағы ерлерге болысқан әйел заты соғыс тауқыметін көп көрді. Аштықтан ашынып, аш өзегі өртенген аналар перзенті үшін ұрлыққа барып, жазықсыз сотталып жатты. Сондай жанның бірі – шиеттей баласы бар Нұрсұлу еді.
Мәдина Күлсейітова, актриса:
Бір уыс бидайға бола отырғызған түрмеге, сондай бір жала жабылып, отырғызады. Нұрсұлу кейіпкерді алу маған қиынға соқты. Өйткені Сайын Мұратбековтің тілі өте әдемі де өте күрделі.
Зұлмат соғыстың ауыр зардабын, тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігін баяндайтын «Жабайы алма» телехикаясы Алматы облысының Ақөзек ауылында түсіріліп жатыр. Жобаға ауыл тұрғындарымен қатар кәсіпкер азаматтар да қолдау көрсетіп, көмегін тигізген.
Бауыржан Шаншарбаев, Ақөзек ауылының тұрғыны:
Соғыс уақытында тылдағы апа-әжелеріміз қалай көмектескенін, сол жайлы дегенде жүрегім елең ете қалды. Өсіп жатқан болашағымыз сол киноны көріп, осы күнге қалай жеткенімізді біледі. Жігіттер көмек берсе, жұмыс алдыға басады деп ойлаймын.
Соғыс кезіндегі әр шаңырақтың сағынышқа толы мұңы, қайтпас көңілі мен жығылмас төзімі. Осындай сезімді сипаттайтын «Жабайы алма» – ауқымды әрі терең мағыналы жоба. Тарихи телехикая Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлттық арнаның эфирінен көрсетіледі.
Жазира Оразқызы