Көкшетау қаласында тасқыннан кейін жөндеуге жарамсыз деп танылған үйлер сүріліп жатыр. Тек облыс орталығының өзінде 64 тұрғын үй бұзылады. Бұл жұмысқа арнайы бригадалар тартылған.
Жауаптылардың мәліметінше, бірінші кезекте жаңа баспанаға қоныстанып үлгерген азаматтардың үйлері сүріледі. Сондай-ақ қазір су астында қалған тұрғын үйлердің ауласы жөнделіп жатыр. Қыркүйек айына дейін ойын алаңдары салынып, баспаналардың маңайы абаттандырылады. Оған қоса шаһарда түбі таяз тартқан Қылшақты өзенінің арнасы тазартылуда. Қазіргі таңда су айдынында арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Мамандардың мәліметінше, жыл соңына дейін ұзындығы 4 шақырымға жуық өзен түбі қоқыс пен қамыстан тазартылып, тереңдетіледі.
Джанет Микишев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Қылшақты өзенінің арнасы әбден бітеліп қалған. Салдарынан көктемде нөпір судың қарқыны қатты болды. Келер жылы мұндай жағдайдың алдын алу қажет. Сондықтан қазір мердігер компанияны жалдап, барлығын тазартып, су айдының түбін тереңдетіп жатырмыз. Бұл жобаға бюджеттен 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ұмсындық Наурызбаева